
Қазақстандық қаржыгер Ғалым Құсайынов доллардың әлсіреп, теңгенің нығаюына мұнай бағасының көтерілуі ғана әсер етіп жатқан жоқ деп есептейді. Сарапшы валюта нарығындағы елеулі өзгеріс себебін Қазақстанның сыртқы қарызының еселеп артуымен түсіндірді.
Теңге неге нығайды
Экономика, банк саласы, инвестиция және валюта нарығына қатысты ой-пікірін телеграм-арнасына жаралап жүрген Ғалым Құсайынов төл теңгенің нығаюы туралы ерекше гипотеза ұсынды.
«Теңгенің нығаюы сыртқы қарыздың рекордтық өсіміне және заңды тұлғаларға валюта сатып алуға енгізілген шектеуіне байланысты», – деп жазды сарапшы.
Ол гипотезасын дәлелдеу үшін нақты мәліметтер келтірді. Мәселен, Ұлттық банк дерегінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанның сыртқы қарызы 181,8 млрд долларға жетті. Берешек бір жылдың ішінде ғана 17,2 млрд долларға, яғни 10,4%-ға ұлғайды. Кейінгі 17 жылдағы ең үлкен өсім.
Құсайынов жыл аяғында сыртқы қарыздың айтарлықтай көбейгеніне назар аударды.
«Төртінші тоқсанда берешек бірден 10,4 млрд долларға артты. Дәл осы тоқсанда және 2026 жылдың бірінші тоқсанында ұлттық валюта 550 теңгеден 464 теңгеге дейін нығайды», – дейді ол.
Сарапшы осы екеуінің арасынан байланыс көріп, «кездейсоқтық емес» екенін атап өтті.
Қолдан жасалған шектеу
Құсайынов қисынына салсақ, шетелден тартылған валюта ішкі нарықта теңгеге алмасып, содан қосымша ұсыныс туады. Алайда заңды тұлғаларға шектеу қойылғандықтан, олар валютаны көптеп сатып ала алмайды.
«Соның нәтижесінде асимметрия қалыптасады: валюта ұсынысы еркін болғанымен, сұраныс шектелген. Содан теңге нығаяды», – деп түсіндірді сарапшы.
Айта кетейік,, 2026 жылғы сәуірдегі жаңа ереже бойынша, заңды тұлғалар 50 мың доллардан жоғары ақша сатып алу үшін оның мақсатын дәлелдеп, есеп беруі тиіс. Жеке тұлғалар үшін шектеулі меже – 10 мың доллар. Енді банктер мақсатсыз сатып алуға тосқауыл қояды, яғни сұраныс қолдан шектеліп отыр деген сөз.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жаз уақыттында долларға сұраныс артатынын алдын ала ескерткен.