Бюджеттің «мұнай тәбеті»: Үкімет Ұлттық қорды қалай пайдаланып жатыр

Жарияланды 4 Мамыр 2026 11:21

Аскар Машаев

Аскар Машаев

Kursiv Research бас талдаушысы
Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Ұлттық қордың қаражаты / фото: gemini AI

2025 жылы Қазақстан үкіметі негізгі қаржы ережелерін сақтағандай көрінгенімен, іс жүзінде Ұлттық қорға мұнайдан түскен табыстан да артық ақшаны бюджетке алып қойды. Мемлекет «болашаққа ақша жинаймыз» деген жоспарына қарамастан, әлі де тапқан табысынан артық жұмсауды жалғастырып отыр. Яғни қорға ақша жиналмай, керісінше, жұмсалып жатыр.

Негізгі ережелер қалай орындалды?

Заң бойынша бюджетті бақылауда ұстайтын екі басты ереже бар. Біріншісі, Ұлттық қордан бюджетке алынатын ақша 2 трлн теңгеден аспауы керек. Екіншісі, бюджет шығындарының өсуі экономиканың орташа өсімінен асып кетпеуге тиіс.

Үкімет бұл екі талапты да орындап, шығын өсімін 8% деңгейінде ұстап тұрды. Сонымен қатар мемлекеттік қарыз бен бюджет тапшылығы да әзірге белгіленген шектен асқан жоқ.

Мұнайсыз тапшылық және мемлекет қарызы

Ең үлкен мәселе «мұнайсыз тапшылық» көрсеткішінде болып отыр. Яғни мемлекеттің мұнайды есептемегендегі өз табысының шығындарды жабуға жетпейтінін көрсетеді.

Үкімет бұл көрсеткіш бойынша 2030 жылға арналған стратегиялық жоспарды бұзып, бюджеттен көбірек ақша жұмсап жіберген. Сондай-ақ мемлекет бақылайтын компаниялардың сыртқы қарызы да тез өсіп жатыр.

Қазір Ұлттық қордағы әр долларға шаққанда мемлекеттің 65 цент қарызы бар. Көрсеткіш бір жылда айтарлықтай нашарлаған.

Екінші жыл қатарынан Ұлттық қордан алынған қаржы көлемі түсімнен асып түсті

ҚР Ұлттық қорына түскен және пайдаланылған қаражат көлемі (жылдар бойынша, трлн теңге)

Инфографика: Kursiv Research

Мұндай саясаттың қаупі қандай?

Қазіргі жағдайды «тапқаныңнан артық жұмсау» деп сипаттауға болады. 2025 жылы Ұлттық қорға мұнайдан 3,7 трлн теңге түссе, Үкімет одан 5,2 трлн теңге алып қойды. Яғни түскен ақшадан 1,5 есе көп қаражат жұмсалды.

Әзірге Ұлттық қордағы ақшаның азаймауына тек бағалы қағаздардан түскен инвестициялық табыс қана көмектесіп отыр. Егер әлемдік нарықта жағдай нашарласа, үкіметтің ақшаны оңды-солды жұмсау әдеті ел резервтерін тез тауысып қоюы мүмкін.

Айта кетейік, 2026 жылы Ұлттық қордан мемлекеттік бюджет қажеттілігі үшін қаржы алу екі жарым есе азаяды. 2025 жылы қордан 5,2 трлн теңге ақша алынса, биыл тек кепілдендірілген трансферт ретінде 2,2 трлн теңге алу заңмен бекітілген. Қордан нысаналы трансферт бөлінбейді. Бұл туралы Сенат кулуарында Ұлттық банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз