200 мың жеке кәсіп жабылып, бизнесін бөлшектегендер нарықтан кетті – Жұманғарин

Жарияланды 4 Мамыр 2026 11:38

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың бірінші тоқсанында 207 912 жеке кәсіпкер (ЖК) қызметін тоқтатты. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (82 874) көрсеткіш екі жарым есе артқан. Алайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл сандар бизнестің жаппай күйреуін емес, нарықтың ішкі трансформациясы мен салық реформасының алғашқы «сүзгісінен» өткенін байқатады деп тұжырымдайды.

Реформа нәтижесі: көлеңкеден шығу басталды ма?

Ұлттық экономика министрлігі мен салық органдарының талдауы көрсеткендей, кәсіпкерлер санының кемуі – күтілген құбылыс. Оған реформа аясында бұрын бизнесті бөлшектеу үшін ашылған немесе табысы жоқ «өлі» кәсіпорындардың жабылуы себеп болған.

Мәселен, жабылған 207,9 мың ЖК-ның 94 мыңнан астамында былтыр ешқандай табыс болмаған. Ал 39 мыңы тиімдірек саналатын «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» режиміне ауысса, бір бөлігі іріленіп, заңды тұлға мәртебесін алған. Жұманғарин осы процес экономиканың «көлеңкеден» шығып, ашық жұмыс істеуге көшкенін, сондай-ақ ҚҚС төлеушілер санының артуына себеп болғанын айтады.

«Негізінде бұдан да көп (300 мыңға дейін) жабылады деп күтілген болатын. Себебі арнайы салық режимдерін бизнесті бөлшектеу үшін пайдаланғандар нарықтан кетеді деп болжанды. Талдау көрсеткендей, 2026 жылы жабылғандардың негізгі бөлігі – табысы, қызметкерлері және нақты қызмет белгілері жоқ белсенді емес кәсіпорындар»,- деп жазады министр.

Жаңа салық төлеушілердің саны қанша

Нарықтан 207 мың ЖК кеткенімен, орны бос қалған жоқ. Бірінші тоқсанда 99 мыңнан астам жаңа салық төлеуші тіркелді. 410 мыңнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде заңдастырған.

Олардың көбі – (85%) InDriver, Yandex, Wolt сияқты цифрлық платформалар арқылы табыс тауып жүргендер.

Жұманғарин кәсіпкерлер тарапынан жиі қойылатын айлық есептік көрсеткішті (АЕК) қайта қарау мәселесі де үкіметтің назарында деп отыр. Алайда АЕК 15 кодекс пен 70-тен астам заңда қолданылатындықтан, одан бірден бас тарту мүмкін емес. Бұл жүйені реформалау әлеуметтік-құқықтық факторларды ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев салық ережесінің өзгеруі салдарынан бизнес тығырыққа тіреліп тұр деп мәлімдеген.

Әсіресе, арнайы салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпкерлердің табысы күрт төмендеп, айналымы 30–40 пайызға азайып кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз