Қазақстанның мемлекеттік қарызы 39 трлн теңгеден асты

Жарияланды 4 Мамыр 2026 14:23

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Қазақстанның қарызы қанша / Фото: shutterstock

Кез келген дамушы мемлекет сияқты Қазақстан да ірі жобаларды іске асыру мен экономиканы қолдау үшін қарыз алады. Қаржы министрлігінің 2026 жылдың 1 сәуіріндегі дерегіне сәйкес, мемлекеттік берешек шамамен 39,1 трлн теңгені немесе 81,1 млрд долларды құрап отыр.

Басым бөлігі үкіметтің мойнында

Қарыздың көбісі, яғни 35,3 трлн теңгесі тікелей Үкіметке тиесілі. Қызығы сол, берешектің көбі сыртқы емес, ішкі қарыз. Үкімет қарызының 27,1 трлн теңгесі ел ішіндегі инвесторлардан алынған. Бұл – мемлекеттік бағалы қағаздар (облигациялар) арқылы жиналған қаражат.

Оның ішінде басым бөлігі (23,3 трлн теңге) ұзақ мерзімді міндеттемелерге жатады. Бұл мемлекеттің қарызды бірден емес, алдағы ондаған жылдар бойы біртіндеп қайтаруды жоспарлап отырғанын көрсетеді.

Шетелдік банктер мен «еурооблигациялар»

Сыртқы қарыз мәселесіне келсек, Үкіметтің халықаралық нарықтағы берешегі 8,2 трлн теңге тең. Оның ішінде 4,8 трлн теңге халықаралық қор биржаларында орналастырылған еурооблигацияларға тиесілі. Сонымен қатар Қазақстан әлемдік даму банктерінен де несие алған:

  • Халықаралық Қайта құру және Даму Банкіне 1,7 триллион теңге;
  • Азия Даму Банкіне 651 миллиард теңге қарыз.

Бұдан бөлек, Ислам Даму Банкі, Қытай және Ресей нарықтарында да шағын көлемдегі қаржылық міндеттемелер бар.

Жергілікті биліктің қарызы қанша

Қарыз орталық Үкіметте ғана емес, жергілікті әкімдіктерде де бар. Әкімдіктердің жалпы қарызы 2,5 трлн теңгеге жуықтайды. Оның бір бөлігі Үкімет алдындағы берешек болса, қалғаны басқа да несие берушілерге тиесілі.

Сондай-ақ мемлекет кейбір жобаларға өзі тікелей ақша алмаса да, «кепіл» болып отыр. Мемлекет кепілдік берген борыш көлемі 2,2 трлн теңгеден асады. Бұл егер несие алған компания немесе мекеме қарызды қайтара алмаса, оны мемлекет бюджеттен төлеуге міндетті деген сөз.

Сондай-ақ оқыңыз