Swiss жолаушы ұшағы апатты жағдайда Алматыға қонды

6 мамырда күндіз Swiss International Air Lines әуе компаниясының ұшағы апатты жағдайда Алматы әуежайына қонды. Airbus Сеулден Цюрихке ұшып бара жатқан.
Flightradar24 порталының мәліметінше, жолаушы ұшағы сәрсенбі күні таңертең Астана уақытымен сағат 05:38-де Оңтүстік Корея астанасынан ұшып шыққан. Ал сағат 12:54-те Алматы халықаралық әуежайына қонған.

Ұшақ шамамен Қарағанды облысы аспанында ұшып бара жатқан уақытта кері бұрылуға мәжбүр болған. Порталда Airbus мәртебесі «Diverted to ALA» деп өзгертілген, яғни ұшақ Алматыға бағытталған.
Швейцариялық әуе компаниясына тиесілі лайнердің Қазақстанға қону себебі айтылды. Swiss мәліметінше, қосалқы ұшқыштың денсаулығы сыр берген. Жолаушылар арасында үш дәрігер болып, олар экипаж мүшесіне көмек көрсеткен. Содан кейін ғана ұшақты Алматыға қарай бұру жөнінде шешім қабылданған.
Ұшақ бортында 227 жолаушы және экипаждың 14 мүшесі болғаны хабарланды.