
Ресей астанасы Мәскеудің Никулин аудандық соты танымал рэпер Ганвесттің (шын есімі — Руслан Гоминов) ісі бойынша шешім шығарды. Музыкант әлеуметтік желілердегі шығармашылығы арқылы есірткіні насихаттағаны үшін кінәлі деп танылды.
Айыппұлдың себебі не?
Сот ісіне артистің «ВКонтакте» желісіндегі ресми қауымдастығында жарияланған «Никотин» және «Бардак» әндері себеп болды. Лингвистикалық сараптама бұл тректердің мәтіні заңды бұзатынын көрсетті. Әндерден есірткіге берілген оң баға табылды.
Сондай-ақ, мамандар мұндай тректер балалардың дамуына зиян тигізеді деп есептейді. Мәтіндерде қоғамдық моральға нұқсан келтіретін көптеген былапыт сөздер де анықталған.
Сот шешімі
Сот Гоминовты өнер туындыларында есірткіні заңсыз насихаттау бабы бойынша кінәлі деп тапты. Енді рэпер 70 мың рубль (432 600 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл төлеуі тиіс.
Бұған дейін Ресейде қазақстандық рэпер, Ганвест деген атпен танымал Руслан Гоминовтың есірткі заттарын насихаттауы мүмкін екендігі туралы іс сотқа түскенін жазған едік. Бұған ресейлік қоғам қайраткері және «Қауіпсіз интернет лигасының» басшысы Екатерина Мизулинаның арызы себеп болды.