Таиланд барлық шетелдік туристер үшін визасыз мерзімді қысқартады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Pixabay.com

Таиланд үкіметі 60 күндік визасыз мерзімді 30 күнге дейін қысқартады. Өзгеріс қазақстандық туристерге де қатысты болмақ. Бұл туралы Таиландтың Сыртқы істер министрі Сихасак Фуангкеткеоу мәлімдеді.

«Біздің ойымызша, 60 күн – тым ұзақ мерзім. Кейбір адамдар жеңілдікті туристік емес, басқа заңсыз мақсаттарда пайдаланып жүр. Сондықтан бақылауды күшейткіміз келеді», – деді Таиланд СІМ басшысы.

Айта кетейік, ұсынысты ел билігі осыған дейін әзірлеп қойған. Алайда сайлауға байланысты оны жүзеге асыру кейінге шегерілді.

Сыртқы істер министрінің айтуынша, туристердің елде болу мерзімі, негізінен, 30 күннен аспауы керек, ал виза шарттары сапар мақсатына сай келуге тиіс.

Сихасак өзгерістер тек бір елге емес, барлық шетелдік туристерге бірдей қатысты болатынын айтты. Сонымен қатар, Таиланд билігі виза санаттарын қайта қарауды жоспарлап отыр, себебі олардың саны тым көп.

Еске салсақ, осыған дейін Таиланд үкіметі 93 елдің, оның ішінде Қазақстан азаматтары үшін де визасыз режим мерзімін қысқартатынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз