Хантавирус жаңа індетке айнала ма: Алмаз Шарман жауап берді

Жарияланды 13 Мамыр 2026 17:11

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Хантавирус
Кеміргіштерден адамға жұғатын ауру – хантавирус / фото: shutterstock

Хантавирус қаншалықты қауіпті? Жұқпалы ауру Қазақстанға жетуі мүмкін бе? Ол жаңа індет тудыра ма? Көпшілікті толғандырған осы сауалдарға танымал маман Алмаз Шарман әлеуметтік желідегі парағында жауап берді.

Хантавирус деген не?

Әлем адамнан адамға жұғатын сирек кездесетін вирустың қайта таралуына алаңдап отыр. Бұл жолы көпшілікті коронавирус емес, анд хантавирусы (Andes virus штаммы) шошытты. Адамдардың дені ол туралы ешқашан естімеген.

Жұртты Антарктика арқылы Оңтүстік Америкаға сапардан оралған экспедициялық кемеде жолаушылардың жұқпалы ауруға шалдығуы алаңдатты.

Қазір MV Hondius лайнері Испанияның Тенериф аралында тұр. Жергілікті билік оны портқа кіргізбей, зәкірді ашық теңізге тастауды бұйырған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тоғыз жолаушы вирус жұқтырғанын анықтаған. Үш адам көз жұмған.

Анд вирусы – хантавирустың бір түрі, кеміргіштерден тарайды. Ол ең алғаш рет 1990-жылдардың ортасында Оңтүстік Американың Анд ауданында анықталған. Вирус та соған байланысты осылай деп аталған.

Қазақстанға қауіпті ме?

Вирус көбіне ауру адамнан емес, кеміргіштер бөліп шығарған нәрселер арқылы тарайды. Мәселен, тышқандар немесе басқа да кеміргіштер өмір сүрген сарайлар мен қоймаларды, жертөлелерді тазалаған уақытта қауіпті вирус адам ағзасына түсуі мүмкін.

Шарман мұндай қауіп Қазақстанда да тууы ықтимал екенін ескертті.

«Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлері, қожалықтар, астық жинайтын орындар мен саяжайдар көп. Сол жерлерде адамдар кеміргіштермен жиі кезігеді. Анд штаммы біздің өңірге тән болмаса да, Орталық Азияда жұқпалы ауруларды зерттеушілер хантавирус туралы баяғыдан жақсы біледі», – дейді маман.

Індетке айналуы мүмкін бе?

Баспасөзде қорғынышты ауру туралы көп жазылып жатқанына қарамастан, мамандар анд вирусы ғаламдық індет туғызады деп есептемейді. Алмаз Шарман да осындай пікірде. Оның бірнеше себебі бар.

«Біріншіден, вирустың мұндай түрі коронавирус немесе тұмауға қарағанда аса жұқпалы емес. Бір науқас өте аз адамға ауру жұқтыруы мүмкін. COVID одан бірнеше есе жұқпалы», – деп жазды маман.

Екіншіден, Шарманның пікірінше, анд вирусының жұғу мерзімі айтарлықтай шектеулі. Ол көбіне адам қатты сырқаттанған уақытта басқа адамға жұғуы мүмкін.

«Ал коронавирус ауру белгілері пайда болмай тұрып екінші бір адамға жұға береді», – дейді ол.

Шарманның айтуынша, анд вирусы генетикалық тұрақты болып шықты. Ол ондаған жылдың ішінде өте аз өзгерген. Мәселен, COVID немесе тұмау вирусы түрленіп, жаңа штаммдар тудырады.

Сақтықта қорлық жоқ

Дегенмен маман хантавирус жұқтырған адам өліп кетуі мүмкін екенін ескертіп отыр.

«Аурудың кейбір түрі тыныс алу жолдарын тез бітейді. Науқастың өкпесі қатты зақымдалып, қанда оттегі азаяды. Мұндай жағдайда өлім көрсеткіші 30-40 пайызға дейін жетеді», – дейді Шарман.

Хантавирустың бүйрек пен ішкі ағзаларды зақымдайтын түрлері де бар. Олар Еуропа мен Азияда жиі кездеседі.

Маман хантавирусты арнайы емдеу әдісі әлі жоқ екенін ескертті.

«Вакцина да, ауруды тоқтататын препарат та жоқ. Дәрігерлер ағзаны оттегі беру арқылы қоректендіріп отыруы мүмкін», – деп жазды медицина саласының маманы.

Дегенмен Шарман Қазақстан азаматтары үшін алаңдауға негіз жоқ деп есептейді. Бірақ ол кеміргіштер жиі кездесетін ортада сақ болу керектігін ескертті. Мәселен, тышқанның қатып қалған боғын шаңсорғышпен немесе сыпыртқымен тазаламау керек. Оған дейін инфекциядан тазартатын зат сепкен жөн. Қойма немесе сарайды тазалаған уақытта маска, қолғап киген жөн.

Сосын кеміргіштерге, олар шығаратын нәрселерге жоламау керек. Ал лас сарайды тазалағаннан кейін дене ыстығы көтеріліп, жүрек айнып, бұлшықет сырқыраса немесе демалу қиындаса, өз бетіңмен емделуге болмайды. Мүмкіндігінше тезірек дәрігер көмегіне жүгінген жөн.

Сондай-ақ оқыңыз