Медициналық білімдегі өзгеріс: студенттерге таңдау құқығы беріледі

Жарияланды 8 Мамыр 2026 09:42

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
медицина
Заң жобасы талқыланып жатыр/фото: shutterstock

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медициналық білім алып жатқан студенттер үшін не өзгеретінін түсіндірді. Сөзінше, 2022 жылға дейін оқуға түскен студенттердің оқу процесіне өзгеріс енгізілмейді.

Өзгеріс талқыланып жатқан «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көрсетілген.

Қазіргі оқу жүйесі

Қазір медициналық университеттерде оқу үш жүйе бойынша ұйымдастырылған. Яғни 2019 жылы түсіп, биыл оқуын аяқтайтындар 5 жыл бакалавриат және 2 жыл интернатура форматымен оқып жатыр.

Олар 7 жылдық оқудан кейін тек жалпы практикалық дәрігер (ЖПД) болып жұмыс істей алады. Әрі қарай жеке салаларда жұмыс істеу үшін резидентура оқу қажет.

2020-2021 жылдары түскендер (2026-2027 жылдары аяқтайды) 5 жыл бакалавриат және бір жыл интернатура бойынша оқып жатыр. Олар 6 жылдық оқудан кейін тек 6 мамандық бойынша ғана жұмыс істей алады. Тар бейінді маман болу үшін тағы да резидентура қажет.

Ал 2022 жылдан бастап түскендер 6 жыл оқиды. Оның ішінде бакалавриат, магистратура және небәрі 6 айлық интернатура бар. Бұл жүйенің алғашқы түлектері дипломын 2028 жылы алады.

«Бұл жүйеде бірнеше проблема бар. Жұмысқа тұру мүмкіндігінің шектелуі: 2028-2029 жылғы түлектер оқуды аяқтаса да, жұмысқа тұра алмайды. Барлығы міндетті түрде резидентурадан өтуге тиіс (2-4 жыл). Ал резидентураға бөлінетін гранттар саны өте аз, демек басым бөлігі өз қаражатына оқуға мәжбүр болады.

Бағдарламадағы бір жылдық магистратура көбіне диссертация жазуға кетеді. Сонда нақты оқу 4,5 жылға созылады. Ал интернатура небәрі 6-ақ ай. Бұл уақытта студент ауруханада ем-домға қатысу құқығынсыз «өз бетімен» жүреді», – дейді депутат.

Айтуынша, алты жылдық оқудан кейін олар тіпті ЖПД болып та істей алмайды. Резидентурасыз жұмысқа жол жабық.

Енді не өзгереді? 

Депутаттың айтуынша, медициналық білім 7 жылдық оқу жүйесіне қайта оралады.

«Бұл 6 жыл оқу және бір жыл ауруханада өтетін толыққанды практикалық интернатура. Оқу кредиттері саны да 300 емес, 420 болады. Осыдан кейін түлектер жалпы практикалық дәрігер және тағы 5 бағыт бойынша тікелей жұмысқа шыға алады. Невропатолог немесе нейрохирург сияқты тар бейінді маман болғысы келсе, резидентурада оқуын жалғастырады», – дейді Аймағамбетов.

«Дәрігер-интерн» мәртебесіне қатысты да өзгерістер бар. Интернатураға барғандар енді заңмен бекітілген, ресми мәртебе алады. Бұл – медициналық ақпараттық жүйелерге рұқсат, тәлімгердің бақылауымен қарапайым манипуляциялар жасау, еңбекақы алу және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілу құқығы.

2022 жылдан кейін оқуға түскен студенттерге мүмкіндік беріледі.

«Егер студент «6 жыл оқып, бірден резидентураға барамын, тәуекелдерді білемін және қолданыстағы жүйемен оқуымды жалғастырамын» десе, осы қолданыстағы жүйемен қала алады. «Жаңа бағдарламаға ауысып, 7 жылдан кейін тікелей жұмысқа шыққым келеді» десе, оған да құқылы», – дейді депутат.

Бұған дейін Аймағамбетов дәрігерлерді даярлау мерзімін ұлғайтып, оқытудың практикалық бөлігін күшейту керек екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз