
Күздің соңы мен қыс мезгілінде тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) жиілейді. Екі аурудың белгілері ұқсас болғанымен, олардың басталуы мен ағзаға әсерінде айырмашылық бар. Мысалы, тұмау көбіне кенеттен басталып, дене қызуы күрт көтеріледі, ал ЖРВИ кезінде мұрыннан су ағу, түшкіру және тамақтың жыбырлауы сияқты белгілер ертерек байқалуы мүмкін.
Тұмау мен ЖРВИ-дің айырмашылығы неде
Ең алдымен, ЖРВИ – бір ғана ауру емес, тыныс алу жолдарын зақымдайтын вирустық инфекциялар тобы. Оның қоздырғыштары қатарында риновирус, аденовирус, парагрипп және басқа вирустар бар. Ал тұмауды нақты influenza вирустары тудырады.
Алматы қаласындағы №16 емхананың жалпы тәжірибе дәрігерлері бөлімшесінің меңгерушісі Мөлдір Әбдіханованың айтуынша, бұл аурулардың белгілері ұқсас болғанымен, басталу сипаты мен науқастың жалпы жағдайында айырмашылық бар.
Маманның түсіндіруінше, тұмау көбіне аяқ астынан басталады. Бір-екі сағат ішінде адамның дене қызуы көтеріліп, қалтырау, бас ауруы мен қатты әлсіздік пайда болуы мүмкін. Ал ЖРВИ кезінде ауру біртіндеп өршиді: алдымен тамақ жыбырлап, мұрын бітеліп немесе аздап әлсіздік байқалады.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласының магистрі, бірінші санатты отбасылық дәрігер Елена Хегай да тұмаудың әдетте шұғыл басталатынын айтады. Оның сөзінше, адам өзін жақсы сезініп жүрген жерінен бірнеше сағат ішінде әлсіреп, денесі сырқырап кетуі мүмкін.
Дегенмен тек белгілерге қарап нақты диагноз қою қиын. Тұмау кейде дене қызуынсыз да өтуі мүмкін. Сондықтан күмән туындаса, дәрігерге қаралып, қажет болған жағдайда арнайы тест тапсырған дұрыс.
Тұмау мен ЖРВИ кезінде қандай белгілер байқалады
Екі инфекцияның негізгі белгілерін салыстырғанда, мынадай ерекшеліктерге назар аударуға болады:
Тұмау кезінде:
- дене қызуы кенеттен көтеріліп, 38–40 градусқа жетуі мүмкін;
- қатты қалтырау байқалады;
- бас пен бұлшық еттер ауырады;
- әлсіздік күшейіп, адамның күнделікті тіршілігіне кедергі келтіреді;
- құрғақ жөтел пайда болуы мүмкін;
- көз ауырып, жарыққа сезімталдық артуы ықтимал.
ЖРВИ кезінде:
- ауру көбіне біртіндеп басталады;
- мұрыннан су ағу немесе мұрынның бітелуі жиі кездеседі;
- түшкіру мен тамақтың ауыруы байқалады;
- жөтел аурудың алғашқы күндерінде пайда болуы мүмкін;
- дене қызуы көтерілуі мүмкін, бірақ жалпы әлсіздік пен дененің сырқырауы тұмауға қарағанда жеңілірек өтеді.
Мөлдір Әбдіханованың айтуынша, тұмау кезінде мұрыннан су ағу мен түшкіру алғашқы күні бірден байқалмауы мүмкін. Ал ЖРВИ кезінде бұл белгілер аурудың басында-ақ пайда болады.
Сонымен қатар тұмаудан кейін әлсіздік ұзақ сақталуы ықтимал. Дәрігерлер оның кейбір науқастарда бірнеше аптаға созылатынын атап өткен.
Алайда бұл айырмашылықтар барлық адамда бірдей байқалмайды. Тұмау да жеңіл өтуі мүмкін, ал кейбір ЖРВИ түрлері ауыр асқынуларға әкеледі. Симптомдар арқылы ғана вирустың нақты түрін анықтау мүмкін емес.
Қай кезде дәрігерге қаралу керек?
Ауру белгілері пайда болғанда жағдайды бақылап, қажет болса медициналық көмекке жүгіну маңызды. Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы 7 қазандағы ұсынымында мына белгілер байқалғанда дәрігерге қаралу қажеттігі айтылған:
- дене қызуы ұзақ уақыт жоғары болып, оңай түспесе;
- тыныс алу қиындаса немесе ентігу пайда болса;
- кеуде тұсы ауырса немесе қысылса;
- әлсіздік күшейсе;
- сана шатасса;
- адамның жағдайы күрт нашарласа;
- алдымен жақсарып, кейін қайтадан ауырлай бастаса.
Тыныс алу қиындауы, кеуденің қатты ауыруы немесе сананың бұзылуы сияқты ауыр белгілер болса, шұғыл медициналық көмек қажет.
Әсіресе кішкентай балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға және созылмалы ауруы бар науқастарға мұқият болған жөн.
Тұмау мен ЖРВИ кезінде антибиотик ішуге бола ма
Тұмау мен ЖРВИ-ді вирустар тудырады, сондықтан антибиотиктер оларға тікелей әсер етпейді. Оларды дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау пайдасыз болуы мүмкін және бактериялардың антибиотикке төзімділігін арттырады.
Денсаулық сақтау министрлігі де антибиотиктерді тек дәрігер бактериялық асқыну бар деп анықтаған жағдайда қолдануды ұсынады.
Ауру кезінде демалып, жеткілікті сұйықтық ішу және дене қызуын бақылау маңызды. Дәрі-дәрмекті адамның жасына, денсаулық жағдайына және қарсы көрсетілімдеріне қарай таңдаған жөн.
Тұмау мен ЖРВИ-ден қалай сақтануға болады
Инфекцияның алдын алу үшін қарапайым гигиена ережелерін сақтау маңызды:
- қолды сабындап жиі жуу;
- бөлмені жүйелі түрде желдету;
- адам көп жиналатын жабық орындарда сақтық шараларын сақтау;
- ауру белгілері бар адамдармен жақын байланыстан аулақ болу;
- өзіңіз ауырған жағдайда үйде қалып, айналаңызға инфекция таратпау;
- тұмауға қарсы вакцина алу.
Дәрігерлер тұмауға қарсы вакцинацияны аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетудің негізгі тәсілдерінің бірі деп санайды. Вакцина инфекцияны жұқтырудан толық қорғамағанымен, ауыр салдардың алдын алуға көмектеседі.
Тағы да оқыңыз: Күзде иммунитетті қалай нығайтуға болады