
Қызылша балалардың денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені бұл жұқпалы ауру пневмония, энцефалит және есту қабілетінің төмендеуі сияқты ауыр асқынуларға әкеледі. Мамандар ата-аналарға балаларын қызылшаға қарсы уақытында вакциналауға кеңес береді. Қазақстанда алғашқы екпе 1 жаста, екіншісі 6 жаста салынады. Алматы №36 қалалық емханасының педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Дильдора Кенжаева қызылшаға қарсы екпені кейінге қалдырмаудың маңызын түсіндірді.
Қызылша несімен қауіпті
Қызылша – адамнан адамға өте жылдам тарайтын жұқпалы ауру. Ол тек дене қызуының көтерілуі мен бөртпенің пайда болуымен шектелмейді. Инфекция өкпенің қабынуына (пневмония), мидың қабынуына (энцефалит) және есту қабілетінің төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Кей жағдайда ауру өлімге де әкеледі.
Дәрігердің айтуынша, қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцина алу.
«Екпені кейінге қалдырмаған жөн. Өйткені қызылша ауыр өтіп, денсаулыққа зор қауіп төндіретін асқынуға әкелуі мүмкін. Екпе баланы аурудан қорғап қана қоймай, инфекцияның таралуына да тосқауыл болады», – дейді Дильдора Кенжаева.
Қызылшаға қарсы екпе қай жаста салынады
Қазақстанның Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, балалар қызылшаға қарсы вакцинаны екі рет алады:
- 12 айында – алғашқы екпе;
- 6 жасында – екінші екпе.
Екі кезеңнен тұратын вакцинация баланың инфекциядан қорғанысын қалыптастыруға бағытталған.
Бала екпені уақытында алмаса не істеу керек
Егер қандай да бір себеппен бала белгіленген мерзімде вакцина алмаса, ата-анасы тіркелген емханаға жүгінуі керек. Дәрігер баланың екпе алу тарихын тексеріп, вакцинаны қай уақытта салдыру керегін анықтайды.
Мамандар балаларды екпе күнтізбесіне сәйкес уақытында вакциналау олардың денсаулығын қорғауға және қызылшаның таралу қаупін азайтуға көмектесетінін еске салады.
Тағы да оқыңыз: Тұмауға қарсы екпе егу басталды: ең алдымен кімдерге салынады