ҰБТ-дан 140 балл жинаған Нұрғанат Қанат талапкерлерге кеңес берді

Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің түлегі Нұрғанат Қанат Ұлттық бірыңғай тестілеуде мүмкін болған 140 баллдың барлығын жинап, үздік нәтиже көрсетті. Әрине, мұндай көрсеткіштің артында ұзақ мерзімді дайындық пен жас талапкердің үздіксіз ізденісі жатқаны анық.
Мектебінің мақтанышына айналған Нұрғанат үздік нәтижеге қалай қол жеткізді және оның жетістік формуласы қандай? Бұл сұрақтардың жауабын табу үшін Kursiv.Media тілшісі Нұрғанаттың өзімен, тестілеуге дайындаған кураторымен және ата-анасымен тілдесіп көрді.
«Бұған дейін де 140 балл жинағанмын«
Нұрғанат ҰБТ-дан бірінші рет 140 балл алып отырған жоқ. Бірнеше рет сынақ тестін тапсырып, 140 балл жинаған. Қызығы, қаңтарда, наурызда тест тапсырғанда максималды нәтижеге жете алмады, тек соңғы тест кезінде ғана максимал балл алды. Бұл – кездейсоқ нәтиже емес, ұзақ уақыт еңбектің нәтижесі дейді өзі.
«Аспаннан түскен ұпай емес. Жыл басынан бері 140 балл алуды мақсат еттім. Қаңтар ҰБТ-дан 139, наурыз ҰБТ-дан 137, басқа да сынақ тесттерінен 140 балл алған кезім де болған. Бұның барлығының негізгі нүктесін нағыз ҰБТ-дағы 140 балл қойды. Экранда мүмкін болған барлық балды жинағаныңды көргенде эмоцияның қандай болатыны белгілі», – дейді ол.

Қобалжуды қалай жеңуге болады?
Нұрғанат тестілеуге кірер алдындағы қобалжу барлық тест тапсыратын оқушының бойында міндетті түрде болатынын айтады. Себебі ҰБТ – жылдар бойғы еңбек пен үлкен үміттің таразыға түсетін шағы.
«Ата ананың үміті, қоғамның үміті, өзіңнің үмітің ақталуы тиіс. Еңбегіңнің қаншалықты тиімді болғанын сол кезде көресің. Дегенмен қобалжу сезімін жеңуге болады. Мысалы, болашақ нәтижені ойлап уайымдауды тоқтатып, бар күш-жігерді тек дәл қазір істеп жатқан іске жұмсау керек. Тек өз бақылауыңдағы дүниеге ғана жауапкершілік ал, сонда қобалжудан арыласың», – деп өз тәжірибесімен бөліседі ол.
Нұрғанаттың сөзінше, кез келген емтиханда жетістікке жету үшін дайындықты ерте бастау керек.
«Энергияны, потенциялды далаға құртпай, бар уақытты тиімді пайдалану қажет. Адам өз іс-әрекетін жоспарлай алу керек, өз-өзіне есеп беруі керек. Жоспарың анық болса мақсатың көз алдыңа айқын көрініп тұрады», – дейді жас талапкер.
Нұрғанаттан қандай маманның иесі болғысы келетінін сұрадық.
«Мамандығым айқын. Халықаралық қатынастар өкілі атану, яғни дипломат болу. Ол үшін Мақсұт Нарықбаев университетін таңдап отырмын. Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы рөлін нығайту, қоғамға пайдалу болу деген мақсат бар», – дейді жас түлек.

Нұрғанат қандай оқушы болды?
Жас талапкер ҰБТ-ға дайындықты арнайы оқу орталығында 11-сыныптың тамызында бастаған, сол уақыттан бастап тест тапсырған күнге дейін тоқтатқан жоқ. Дайындыққа күніне кем дегенде 5-6 сағат арнады. ҰБТ-дағы таңдаған пәні дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі болды.
Нұрғанатты тестке дайындаған – кураторы Абзал Оңғарбаев. Нұрғанат курсқа келгеннен бастап өз ойын анық жеткізетін, нақты мақсаты бар және сол мақсатқа жетпей қоймайтын оқушы болғанын айтады
«Ашық, кез-келген өзгерісті, қателіктерді жақсы қабылдай біледі. Уайымдап, стресске түсіп кетудің орнына нәтижесі үшін, соңына дейін бара білді. Жан-жақты, еңбекқор, әзілге де жақын, жалпы сенімі мен ниетін бірінші орынға қоятын өте зерек оқушы», – дейді Нұрғанаттың ұстазы.
Оңғарбаев Абзал да ҰБТ енді тапсыратын оқушыларға кеңесін айтып өтті. Оның сөзінше, оқушы дайындықты ертерек бастауы қажет. Сол кезде оқушыда негізгі база қалыптасады.
«Қателіктерден қорықпау қажет, керісінше мүмкіндік ретінде қарап, сонымен жұмыс істеу керек. Біріншіден, сынақ тесттерінен кейін қатемен жұмыс жасау өте маңызды. ҰБТ толықтай оқулықтан құрастырылатын болған соң, фокусты кітаптағы материалға қою керек, тек база немесе тесттер жасап алып шығамын деген ой үлкен қателік», – дейді ол.
Ата-анасының қолдауы қандай болды?
Нұрғанаттың анасы Меруерт Саяқбаеваның айтуынша, оқу орталығының мұғалімдері балаларды үйдің барлық шарусынан босатуды сұранған.
«Балам жетінші сыныпта Тараздағы Білім-инновация мектебіне ауысқан. Біз ауылды жерде тұрамыз. Екі аптада бір рет келіп тұрады үйге. Жаздай түннің бір уағына дейін, таңға дейін отырып дайындалатын кездері көп болған. Сондай үлкен еңбек ақталды деп ойлаймын. Кейде түннің бір уағында дайындалып отырғанын көрсем жаным ашып кететін», – дейді анасы.
Нұрғанат үйінің кенже баласы. Анасының айтуынша, әпкесі де, екі ағасы да мектепте сабағын өте жақсы оқыған. Дегенмен кенжесі Нұрғанат бауырларынан оза шапқан.
Көлік, пәтер немесе 50 млн теңге
Талапкерді ҰБТ-ға дайындаған JUZ40 білім беру орталығы үздік нәтиже көрсеткені үшін оған теңдессіз сыйлық ұсынды. Түлекке бизнес-класс пәтер, Mercedes E-Class автокөлігі немесе 50 миллион теңге ақшалай сыйақының бірін таңдау мүмкіндігі берілді. Нұрғанаттың таңдауы пәтерге тоқтады.
Сонымен қатар, орталық Нұрғанатқа төрт жыл бойы ай сайын 140 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлейді. Ал оның ата-анасына 3 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталады.
Үздік оқушы бұған дейін де «XXI ғасыр көшбасшысы» байқауының жеңімпазы атанып, тарих пәнінен республикалық олимпиаданың үш дүркін алтын медаль иегері болған.