ҰБТ-дан 140 балл жинаған Нұрғанат Қанат талапкерлерге кеңес берді

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
ҰБТ-дан 140 балл жинаған Нұрғанат Қанат талапкерлерге кеңес берді
фото: instagram.com /nurganatkanat

Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің түлегі Нұрғанат Қанат Ұлттық бірыңғай тестілеуде мүмкін болған 140 баллдың барлығын жинап, үздік нәтиже көрсетті. Әрине, мұндай көрсеткіштің артында ұзақ мерзімді дайындық пен жас талапкердің үздіксіз ізденісі жатқаны анық.

Мектебінің мақтанышына айналған Нұрғанат үздік нәтижеге қалай қол жеткізді және оның жетістік формуласы қандай? Бұл сұрақтардың жауабын табу үшін Kursiv.Media тілшісі Нұрғанаттың өзімен, тестілеуге дайындаған кураторымен және ата-анасымен тілдесіп көрді.

140 балдан кейінгі алғашқы сезім

Нұрғанат қаңтар ҰБТ-дан 139, наурыз ҰБТ-дан 137, басқа да сынақ тесттерінен 140 балға дейін алған кездері болғанын айтты.

«Бұл аспаннан түскен ұпай емес. Жыл басынан бері 140 балл алуды мақсат еттім. Қаңтар ҰБТ-дан 139, наурыз ҰБТ-дан 137, басқа да сынақ тесттерінен 140 балл алған кезім де болған. Бұның барлығының негізгі нүктесін нағыз ҰБТ-дағы 140 балл қойды. Экранда мүмкін болған барлық балды жинағаныңды көргенде эмоцияның қандай болатыны белгілі», – деді ол.

фото: instagram.com /nurganatkanat

Қобалжуды қалай жеңуге болады?

Кез келген емтихан, әсіресе ҰБТ жақындағанда, әрбір талапкердің жүрегінде қобалжу мен үрей қатар жүреді. Себебі бұл сәт жылдар бойғы еңбек пен үлкен үміттің таразыға түсетін шағы.

Нұрғанат тестілеуге кірер алдындағы қобалжу барлық тест тапсыратын оқушының бойында міндетті түрде болатынын ашық айтты. Себебі ол дүние оқушы үшін белгілі бір маңызға ие.

«Ата ананың үміті, қоғамның үміті, өзіңнің үмітің ақталуы тиіс. Еңбегіңнің нақты қаншалықты эффективті болғанын сол кезде көресің.

Дегенмен қобалжу сезімін жеңуге болады. Мысалы, болашақ нәтижені ойлап уайымдауды тоқтатып, бар күш-жігерді тек дәл қазір жасап жатқан іске жұмсау керек. Тек өз бақылауыңдағы дүниеге ғана жауапкершілік ал, сонда қобалжудан арыласың», – деп өз тәжірибесімен бөлісті Нұрғанат.

Дайындықты қашан бастаған дұрыс?

140 бал иегерінің айтуынша, кез келген емтиханда жетістікке жету үшін дайындықты ерте бастау керек.

«Энергияны, потенциялды далаға құртпай, бар уақытты тиімді пайдалану қажет. Адам өз іс-әрекетін жоспарлай алу керек, өз-өзіне есеп беруі керек. Жоспарың анық болса мақсатың көз алдыңа айқын көрініп тұрады», – дейді ол.

«Дипломат болғым келеді»

Нұрғанаттан қандай маманның иесі болғысы келетінін сұрадық.

«Мамандығым айқын. Ол халықаралық қатынастар өкілі атану, яғни дипломат болу. Ол үшін Мақсұт Нарықбаев университетін таңдап отырмын. Осы салада Қазақстан республикасының геосаяси жағдайындағы халықаралық аренадағы рөлін нығайту, қоғамға пайдалу болу деген мақсаттар бар», – дейді жас түлек.

Нұрғанат қандай оқушы болды?

Куратор Абзал Оңғарбаев Нұрғанат курсқа келгеннен бастап өз ойын анық жеткізетін, нақты мақсаты бар және сол мақсатқа жетпей қоймайтын оқушы болғанын айтты.

«Ашық, кез-келген өзгеріске, стрессті дайындықтарды, қателіктерді жақсы қабылдап, стресске түсудің орнына өзінің нәтижесі үшін, соңына дейін бара білді. Жан-жақты, еңбекқор, әзілге де жақын, жалпы сенімі мен ниетін бірінші орынға қоятын өте зерек оқушы», – дейді Нұрғанаттың ұстазы.

Жас талапкер ҰБТ-ға дайындықты арнайы оқу орталығында 11-сыныптың тамыз айында бастаған, сол уақыттан бастап қазіргі күнге дейін дайындалып келген. Дайындыққа күніне кем дегенде 5-6 сағат арнап, оқыған. Нұрғанаттың ҰБТ-дағы тағдаған пәні дүниежүзі тариғы мен ағылшын тілі болды.

Жас түлекке кеңес

Оңғарбаев Абзал да ҰБТ енді тапсыратын оқушыларға кеңесін айтып өтті. Оның айтуынша, оқушы дайындықты ертерек бастауы қажет. Себебі, ол кезде оқушыда негізгі база қалыптасады.

«Қателіктерден қорықпау қажет, керісінші мүмкіндік ретінде қарап, сонымен жұмыс істеу керек. Біріншіден, сынақ тесттерінен кейін қатемен жұмыс жасау өте маңызды. ҰБТ толықтай оқулықтан құрастырылатын болған соң, фокусты кітапқа қоя білу керек, тек база немесе тесттер жасап алып шығамын деген ой үлкен қателік», – дейді ол.

Ата-анасының қолдауы қандай болды?

Нұрғанаттың анасы Меруерт Саяқбаеваның айтуынша, оқу орталығының мұғалімдері балаларды үйдің барлық шарусынан босатуды сұранған.

«Балам 7-сыныбында Тараз қаласындағы Білім-инновация мектебіне ауысқан. Біз ауылды жерде тұрамыз. Екі аптада бір рет келіп тұрады үйге. Жаздай түннің бір уақытына дейін, ткңға дейін отырып дайындалатын кездері көп болған. Сондай үлкен еңбек ақталды деп ойлаймын. Кейде түннің бір уақытында дайындалып отырғанын көрсем жаным ашып кететін», – дейді анасы.

Нұрғанат үйінің кенже баласы. Анасының айтуынша, әпкесі де, екі көкесі де мектеп кезінде сабағын өте жақсы оқыған. Дегенмен, кенжесі Нұрғанат бауырларынан оза шапқан.

Көлік, пәтер немесе 50 млн теңге

Талапкерді ҰБТ-ға дайындаған JUZ40 білім беру орталығы үздік нәтиже көрсеткені үшін оған теңдессіз сыйлық ұсынды. Түлекке бизнес-класс пәтер, Mercedes E-Class автокөлігі немесе 50 миллион теңге ақшалай сыйақының бірін таңдау мүмкіндігі берілді. Нұрғанаттың таңдауы пәтерге тоқтады.

Сонымен қатар, орталық Нұрғанатқа жоғары оқу орнында оқитын төрт жыл бойы ай сайын 140 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлейді. Ал оның ата-анасына 3 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталады.

Айта кетейік, ол бұған дейін де «XXI ғасыр көшбасшысы» байқауының жеңімпазы атанып, тарих пәнінен республикалық олимпиаданың үш дүркін алтын медаль иегері болған.

Сондай-ақ оқыңыз