«Қазақстан темір жолының» IPO-cына инвесторлар қызыға ма

Жарияланды 19 Мамыр 2026 17:00

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Қарызға батқан компания дивиденд төлей ала ма / Фото: ҚТЖ, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының IPO-сы тағы да шегерілді. 2026 жылға жоспарланған қадам енді 2027 жылдың бірінші тоқсанына қалдырылып отыр.

Ресми билік мұны «нарықтағы қолайсыз жағдайлармен» түсіндірсе, сарапшылар мәселенің төркіні компанияның ішкі қаржы қиындықтарында екенін айтады.

Осы орайда, рекорд табыс пен триллиондаған қарыздың арасында тұрған теміржол гигантының акциялары болашақ инвесторлар үшін қаншалықты тиімді және тартымды болмақ?

Экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауржан Шурманов ҚТЖ-ның 2025 жылғы қаржылық есебі бір-біріне қарама-қайшы екі жайтты аңғартқанын жазады.

Бір жағынан, компания былтыр рекорд пайда тапты. Топтың таза пайдасы екі есе өсіп, 160,8 млрд теңгеден 343,6 млрд теңгеге жетті.

Мұндай серпіліске басты себеп – жүк тасымалының артуы мен тарифтердің орташа есеппен 28%-ға өсуі, сондай-ақ Азия мен Еуропа арасындағы геосаяси жағдайларға байланысты Қазақстан арқылы өтетін халықаралық транзиттен түскен табыстың 827,2 миллиард теңгеге дейін артуы.

ҚТЖ еліміздегі бүкіл теміржол инфрақұрылымын уысында ұстап отырған және айналым капиталына дейінгі жедел ақша ағыны 1 триллион теңгеге жуықтайтын қуатты монополист ретінде инвесторлар үшін өте тартымды көрінуі мүмкін.

ҚТЖ-ның қарызы көп

Алайда табыстың көлеңкесінде үлкен қаржылық қысым жатыр. КТЖ-ның жалпы қарызы 2025 жылдың соңында 3,18 млрд теңгеден асып жығылды, ал компания өкілдерінің айтуынша, жалпы міндеттемелер тіпті 3,7 трлн теңгеге жетеді.

Мұның үстіне, компанияның қысқа мерзімді қарыздары ағымдағы активтерінен 963 миллиард теңгеге артық. Бұл ҚТЖ-ның үнемі қолма-қол ақша тапшылығын сезініп, несиелерді қайта қаржыландыруға тәуелді екенін көрсетеді.

«Сауда-саттықтың Societe Generale, Citibank және ЕҚДБ сияқты шетелдік банктермен валютада (швейцариялық франк, еуро, доллар) жүргізілуі де үлкен қауіп. Теңге бағамы сәл құбылса, компания шығынға батады. Мысалы, былтыр ҚТЖ тек бағам айырмашылығынан 20 млрд теңге жоғалтқан», -дейді сарапшы.

Бұған қоса, болашақ инвесторлар үшін ҚТЖ-дан тез арада жоғары дивиденд (таза пайдадан үлес) алу мүмкіндігі аз. Өйткені компанияның алдағы уақытта инфрақұрылымды жаңғыртуға (Достық-Мойынты, Бахты-Аягөз желілері) жұмсайтын капитал міндеттемелері де бар.

Демек, тапқан табыстың басым бөлігі дивидендке емес, құрылыс пен қарызды жабуға кетеді. Сондай-ақ, компанияның әлеуметтік жүгі саналатын жолаушылар тасымалы әлі де шығынды (2025 жылы 29 миллиард теңге шығын) бағыт болып қала бермек.

Бүгінде КТЖ-ны мемлекет пен «Самұрық-Қазына» қоры төмен пайызбен (жылдық 0,05%-бен) акция шығарып, демеп отыр, бірақ IPO-дан кейін нарық заңдары күшіне енеді.

2027 жылы жағдай өзгеруі мүмкін

Осы ретте экономист Арман Батаев IPO 2027 жылға шегерілгенін сынға алды.

«Көрші Өзбекстан өз ұлттық қорының (UzNIF) 31%-ын қазірдің өзінде Лондон биржасына сәтті шығарып жатқанда, Қазақстанның сылтау айтып уақыт созуы тиімсіз. Нарықта ешқашан «қолайлы сәт» болмайды, ал 2027 жылы геосаяси жағдай өзгеріп, Ресей мен Еуропа арасындағы сауда қайта жанданса, Қазақстан арқылы өтетін транзитке де, ҚТЖ акцияларына деген сұраныс та төмендеп кетуі мүмкін», – деп пайымдайды сарапшы.

Сарапшының пікірінше, IPO-ны ертерек өткізіп, жеке инвесторларды тарту компания басшылығының тиімді жұмыс істеуіне серпін берер еді.

Ал Бауыржан Шурманов КТЖ акциялары тез арада табыс әкелетін классикалық дивидендтік бизнес емес екенін алға тартады.

«Егер IPO өтетін болса, инвесторлар мынаны түсінуі керек: бұл «жылдам табыс» туралы емес, инфрақұрылымдық активке ұзақ мерзімді инвестиция туралы әңгіме. Мұнда негізгі рөлді география, транзит және ауқымды жаңғырту жағдайында компанияның қаржылық тұрақтылықты сақтай алу қабілеті атқарады», – дейді маман.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі компания акцияларын бір уақытта Лондон қор биржасы мен Қазақстан қор биржасында орналастыруы мүмкін екенін жазған. Компания акцияларының 20 пайызын сатылымға шығаруы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз