«Бабай»: әке мен қыздың нәзік байланысын көрсететін туында үлкен экранға жол тартты

Жарияланды 21 Мамыр 2026 13:10

Меліс Сейдахметов

Меліс Сейдахметов

Шеф-редактор m.seidakhmetov@kursiv.media
фото:Александр Филимоно

21 мамырдан бастап Қазақстан кинотеатрларында әке мен қыздың қарым-қатынасын баяндайтын «Бабай» отбасылық комедиясы кең прокатқа шықты. Фильм желісі жылы юмор, мейірім мен жеңіл мистикалық атмосфера арқылы өрілген. Картинадағы басты рөлдердің бірін Семей қаласының жас актрисасы Жанель Серікбол сомдады.

Жанель үшін бұл – толықметражды фильмдегі алғашқы басты рөлі. Бұған дейін ол көрерменге «Балапан» телеарнасының жүргізушісі ретінде таныс болса, «Бабай» оның үлкен киноға жасаған алғашқы қадамына айналды.

Фильм желісі

Фильм 7 жастағы Камила туралы баяндайды. Анасы қайтыс болғаннан кейін ол мерекелерге сенуді қояды. Бірақ туған күні оның үйіне күтпеген жерден елес кейпіндегі аниматор Асхат келіп қалады. Қыз оны Бабай деп атап, осы сәттен бастап қайтадан ғажайыпқа, отбасыға және бір-бірінің жанында болудың маңызына сенуге көмектесетін оқиға басталады.

Картинаның негізгі эмоциялық желісі дәл Жанельдің кейіпкері арқылы беріледі. Оның образы – айналасында болып жатқан оқиғаларды бала жүрегімен қабылдайтын, ғажайыпқа сенетін және ересектер арасындағы сезімдерді байланыстыратын кейіпкер.

фото:Александр Филимоно

Фильмдегі басты рөлдердің бірін Азамат Сатыбалды сомдады. Бұл – оның алғаш рет балаларға арналған фильмге түсуі. Фильмде сондай-ақ танымал қазақстандық актерлер Қуандық Жүніс пен Ұлбосын Шалқарова да ойнады. Түсірілім Алматы облысында өтті. Ал режиссер Олжас Ермекбаев үшін бұл жоба алғашқы толықметражды фильмі болды.

Фильм продюсерлерінің бірі Бухар Мараттың айтуынша, «Бабай» оның шығармашылығындағы ең жақын жобалардың біріне айналған.

– Осы уақытқа дейін түрлі жобалар болды, бірақ «Бабай» – менің қызыма көрсеткім келген алғашқы фильмдердің бірі. Біз балалармен бірге отырып көруге болатын, бірге күліп, бірге уайымдайтын жылы отбасылық кино жасағымыз келді, – дейді ол.

Комедияның премьерлік көрсетілімі жылы отбасылық атмосферада өтті. Жанельдің әжесі қазақ дәстүрімен шашу шашып, атасы жас актриса мен түсірілім тобына батасын берді.

фото: Александр Филимоно

Бұған дейін, Алматыда дәстүр арқылы отбасы құндылықтарын ашуға талпынған «Мүшел жас» толықметражды көркем фильмінің премьерасы өткен.

Бүгінде үлкен экранда көрсетілетін фильмдердің басым көпшілігі отандық туындылар. Оған көрермен ықыласы да ерекше. Өткен аптада «Хотя бы кинода 4» фильмі касса бойынша Голливудты шаң қаптырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз