
Отандық шоу-бизнестегі танымал әрі даулы жобалардың бірі «КешYOU» тобының айналасындағы әңгімелер әлі де толастар емес. Жуырда ғана топтың 20 жылдық мерейтойлық концертіне қатысудан бас тартқан экс-солист Мөлдір Әуелбекованың шешімі желіде қызу талқыланды. Оқиғадан кейін продюсер Баян Алагөзова КеshYou туралы деректі фильмінің үшінші бөлімінде Мөлдір жайлы шындықты айтты.
«Жеке әнші ретінде қабылдаудан бас тарттым»
Продюсердің сөзіне қарағанда, Мөлдір Әуелбекова топтан дау-дамаймен кеткеннен кейін, бір күні өзі хабарласып, кездесуді өтінген. Кездесу барысында әнші өткен іске кешірім сұрап, өзінің жеке (соло) жобасы жүрмей жатқанын айтқан және продюсерден көмек сұраған.
«Мен көңілі жұмсақ адаммын, сондықтан кездесуге келістім. Мөлдір менен өзін жеке әнші ретінде жобаға алуымды өтінді. Бірақ мен бас тартып, тек «КешYOU» тобына қайта оралу шартымен ғана қабылдай алатынымды айттым», – дейді Баян Алагөзова.
Өтірік ауыра бастады
Продюсер топ ішіндегі жұмыс процесінде де қиындықтар болғанын жасырмады. Әсіресе, гастрольдік графиктің тығыздығына әншінің дайын болмағанын және жиі сылтау айтатынын еске алды.
Баянауылда өткен сапар барысында әншінің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырылған. Бірақ тексеріс нәтижесінде ешқандай ауру белгілері анықталмаған. Продюсер мұны концерттерді әдейі шегеру немесе бұзу әрекеті деп бағалады.
«Менің көзімше үнемі ауырып, ақсаңдап жүретін. Ал мен жоқ кезде мүлдем қалыпты, еркін жүретінін топтағы басқа қыздар маған видеоға түсіріп көрсетіп берді. Мұндай екіжүзділіктен кейін мен онымен жұмыс істей алмайтынымды айтып, келісімшартты үздім», – деді продюсер.
Бағым Мұхитденованың жүрегіндегі жара
Баян Алагөзова бұл жағдайда тек өзінің ғана емес, сіңлісі белгілі музыкалық продюсер Бағым Мұхитденованың да қатты соққы алғанын айтты. Мөлдір Әуелбекова бес жыл бойы Бағымның үйінде тұрған екен.
«Бағым оған анасындай қарап, қолынан келген көмегінің бәрін жасады. Ал Мөлдір болса, бес жыл бойы оның арқасынан пышақ ұрып келді. Содан бері 15 жыл өтсе де, Бағымның жүрегіндегі сол бір өкпе мен ауырсыну әлі басылған жоқ. Ол әлі күнге дейін емделіп келеді», – деп ағынан жарылды Алагөзова.
Еске сала кетейік, 29 мамырда Алматының орталық стадионында KeshYou тобының 20 жылдығына арналған ауқымды концерт өтеді.