Алматыда Роза Бағланова тұрған үйдің қасбетіне мурал салынды

Жарияланды 28 Мамыр 2026 15:14

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: Алматы әкімдігі, коллаж: kursiv.media

Алматының Медеу ауданында КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Роза Бағланованың құрметіне арналған жаңа мурал салынды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Көркем нысан Самал-3 шағынауданындағы №21 үйдің қасбетіне салынған. Бұл жобаның басты ерекшелігі мен құндылығы – аты аңызға айналған әншінің өзі кезінде дәл осы үйде тұрған.

Жаңа арт-нысанның пайда болуына жергілікті тұрғындардың өздері себепкер болды. Олардың қала әкімдігіне жасаған ресми өтінішінен кейін тиісті жұмыстар жедел ұйымдастырылып, суретшілер іске кіріскен.

Әншінің отбасы жобаға жоғары баға берді

Муралды дайындау, нобайын бекіту және жүзеге асыру процесіне Роза Бағланованың туыстары да тікелей атсалысты. Нақтырақ айтқанда, шығармашылық жұмысқа әншінің келіні Марал Бағланова қатысып, кеңес берген.

Марал Бағланова туындыға жоғары баға беріп, атақты адамның бейнесін қала көшесінде әдемі үйлестірген барлық ұйымдастырушы мен суретшіге отбасы атынан шынайы алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдағы Алмалы ауданында Димаш Құдайбергеннің муралы өшірілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз