
Бүгін, 29 мамыр, Алматыда танымал «КешYOU» тобының көптен күткен концерті өтеді. Ән кеші жоғары деңгейде әрі қауіпсіз өту үшін ұйымдастырушылар көрермендерге бірнеше маңызды ережелерді ескертті.
Концерт уақыты мен орны
30 мыңға жуық көрермен сыятын Алматының Орталық стадионының есіктері сағат 16:00-де ашылады. Кіреберісте ұзын-сонар кезек пен кептеліс тудырмас үшін стадионға алдын ала келген абзал.
Қайта кіруге тыйым салынады
Ең басты ережелердің бірі стадион аумағынан шыққаннан кейін, қайта кіруге болмайды. Қолыңызда билетіңіз немесе кіргеніңіз туралы арнайы белгі болса да, стадионнан бір рет шықсаңыз, қайтадан кіргізбейді. Кешіңізді осыған байланысты алдын ала жоспарлаңыз.
Билет қауіпсіздігі
Ұйымдастырушылар үшінші тұлғалардан алыпсатарлардан, бейтаныс адамдардан сатып алынған билеттерге жауапкершілік алмайды. Алданып қалмау үшін билеттерді тек ресми Freedom Ticketon платформаларынан ғана алыңыз.
Стадионға кіру сызбасы (Секторлар бойынша)
Стадионға өзіңіздің билетіңіз көрсетілген сектор бойынша арнайы қақпалардан өтуіңіз керек.
- 1-кіру және 2-кіру қақпалары: Байтұрсынов көшесі жағынан (19–46 секторлар).
- 4-кіру және 5-кіру қақпалары: Есентай өзені жағынан (3–18 секторлар).
- 6-кіру және Орталық кіру қақпалары: Абай даңғылы жағынан (Тікелей фан-зоналар: Bronze, Silver, Golden аймақтары үшін).
Стадионға алып кіруге болмайтын заттар
Қауіпсіздік шараларына байланысты ішке мына заттарды алып өтуге қатаң тыйым салынған:
- Үлкен сөмке, рюкзак, чемодан және спорттық сөмкелер. Тек А4 өлшемінен аспайтын шағын сөмкелерге ғана рұқсат етіледі.
- Кез келген сырттан әкелінген тағамдар мен сусындар.
- Пластикалық, шыны және металл ыдыстар (бөтелкелер).
- Жиналмалы орындықтар.
- Кәсіби фото, бейне және аудио жабдықтар.
- Балалар арбалары, самокат, скейтборд, велосипед және т.б.
- Пиротехника, фаерлер, газ баллондары, кез келген қару түрлері.
- Лазерлік және сигналдық құрылғылар, ірі заттар, плакаттар, жалаулар, баннерлер мен түтіктер.
- Кез келген үй жануарлары.
- Алкогольді ішімдіктер, есірткі және психотроптық заттар, сонымен қатар кез келген темекі өнімдері.
Концертке барынша жеңіл, тек ең қажетті заттармен (телефон, кішігірім әмиян, билет) бару ұсынылады. Бұл тексерістен тез өтуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, концертте KESHYOU тобының алтын құрамына айналған Жанар Дұғалова, Айдана Меденова мен Кәмшат Жолдыбаеваның триосы қайта бас қосады.