
Мамыр айында қазақстандық өндірушілер үшін экономикалық жағдай оңай болған жоқ. Freedom Holding Corp. ұсынған іскерлік белсенділік индексі (PMI) 49,0 деңгейінде тұрақтап, өңдеу өнеркәсібінің жағдайы осымен бесінші ай қатарынан нашарлағанын көрсетті.
Сәуірдегі кішігірім өсімнен кейін жаңа тапсырыстар қайта азайып, кәсіпкерлер қаржы табудың қиындағанын айтты. Осыған байланысты өндіріс көлемі мен жұмыспен қамту деңгейі де төмендеді, бірақ қуантарлығы құлдырау алдыңғы айлардағыдай тым қатты емес. Кәсіпорындар жаңа тапсырыстарды күтіп отырмай, бұрынғы тапсырыстарды аяқтап, тауарды уақытылы жеткізуге барын салды.
Соның салдарынан қоймадағы дайын өнімдер мен орындалмаған тапсырыстар көлемі рекордтық деңгейде азайып кетті. Сонымен қатар логистикалық кедергілер мен шекарадағы кідірістерге байланысты тауар жеткізу уақыты ұзарған. Бағаға келсек, шикізат қымбаттағанымен, жалпы инфляция қарқыны бәсеңдеді. Кейбір компаниялар шығынды өтеу үшін тауар бағасын өсірсе, енді біреулері бәсекелестікке шыдау үшін бағаны арзандатуға мәжбүр болған.
Болашаққа болжам және сарапшы пікірі
Осындай қиындықтарға қарамастан, кәсіпкерлер алдағы бір жыл ішінде өндіріс көлемі өсіп, жаңа тапсырыстар көбейеді деген үлкен сенімде. Дегенмен қазіргі экономикалық тұрақсыздық олардың көктем ортасындағы оптимизмін сәл бәсеңдетті.
Freedom Holding Operations компаниясының сарапшысы Салтанат Мұхамбетәлиеваның айтуынша, мамыр айындағы көрсеткіштер нарықтың қарама-қайшы жағдайын көрсетеді. Бір жағынан, өндіріс наурыздағы ең төменгі құлдыраудан кейін ақырындап қалпына келіп жатыр, екінші жағынан, дайын өнім қоры соңғы жеті жылдағы ең төменгі шекке түскен. Бұл дегеніміз – сұраныс азайып, қаржы мен логистика қиындаған уақытта бизнес ұзақ мерзімді жоспардан гөрі, қысқа мерзімді, икемді жұмыс үлгісіне тез бейімделіп жатыр. Сарапшының пікірінше, егер алдағы уақытта жаңа тапсырыстар тұрақты түрде түсіп тұрса, өндіріс саласының қайта түлеуге толық мүмкіндігі бар.
Еске сала кетейік, сәуір айында іскерлік белсенділік индексі (PMI) сәуірде 48,9 балды құраған болатын.