
Голливуд сауда палатасы Англия құрамасының бұрынғы футболшысы әрі «Интер Майами» МЛС клубының иесі Дэвид Бекхэмнің әйгілі «Даңқ аллеясында» жеке жұлдызы пайда болатынын ресми түрде мәлімдеді.
Салтанатты шара 12 маусымда Лос-Анджелестегі Голливуд бульварында өтеді. Рәсімге танымал актер Том Круз және футболшының жары, «Spice Girls» тобының бұрынғы мүшесі Виктория Бекхэм қатысады.
«Бекхэмнің Америка Құрама Штаттарындағы футболдың танымалдылығын арттырудағы рөлі және оның спортқа, ойын-сауық саласы мен әлемдік мәдениетке тигізген теңдессіз әсері бұл марапаттың мәнін одан сайын арттыра түседі», – деп атап өтті шара продюсері Ана Мартинес.
Жұлдыздың ашылу рәсімі АҚШ, Мексика және Канада бірлесіп өткізетін 2026 жылғы Әлем чемпионатының аясында Лос-Анджелестегі АҚШ пен Парагвай құрамаларының матчымен бір күнге жоспарланған.
Дэвид Бекхэм Англия сапында 1996–2009 жылдар аралығында 115 матч өткізіп, 17 гол соқты және 42 нәтижелі пас берді. Әр жылдары Манчестер Юнайтед, Реал Мадрид, ПСЖ, ЛА Гэлэкси командаларында доп тепті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дэвид Бекхэм Англиядағы жоғары мәртебелі рыцарь атағын алған еді.