
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. 1992 жылғы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Осы сәттен бастап Ту, Елтаңба мен Әнұран әлемге жаңа, егемен мемлекеттің келгенін паш етті. Осынау қасиетті белгілердің артында ұлттық рухты туындыға айналдырған біртуар авторлар тұр.
Көк Ту
Ашық аспан түстес Ту бейбітшілік пен тұрақтылықтың белгісі. Ондағы алтын күн – байлық пен тыныштықты, қыран құс – азаттық пен асқақтықты, ал ұлттық өрнек – мәдениетіміздің тамыры тереңде жатқанын білдіреді. Белгілі суретші Шәкен Ниязбеков 1200-ден астам жоба қатысқан үлкен байқауда жеңімпаз атанып, елдің бас нышанын дүниеге әкелді.
Елтаңба
Шаңырақ – мемлекеттің жүрегі, ортақ үйдің бейнесі. Уықтар – достық пен бірлікті, ал қанатты тұлпарлар – болашаққа ұмтылған жасампаздықты білдіреді. Тәжірибелі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың бұл туындысы көшпенділер мәдениеті мен қазіргі заман үндестігін шебер жеткізген.
Әнұран
Ерлік пен елдіктің асқақ жыры. Әннің авторы – қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов, ал алғашқы мәтінін жазған көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов. 2006 жылы шығарма ресми Әнұран болып бекітілгенде, оның мәтінін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев өңдеп толықтырды.
Рәміздерді құрметтеу – мемлекетті және оның тарихын құрметтеуден басталады. Көк ту халықаралық ареналарда, Олимпиада тұғырларында желбіреп, Әнұран асқақтағанда әрбір қазақстандықтың жүрегін мақтаныш кернейді.
Еске сала кетейік, 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматыда ауқымды концерт өтеді.