
Демалыс күндері Алматы облысының Қаскелең қаласында әуе шарлары фестивалі өтеді. Бір мезетте әуеге отыздан астам ірі шар көтеріледі. Азаматтар аэростаттармен ұшуға мүмкіндік алады.
Халықаралық Qazaqstan International Balloon Festival салтанаты 6-7 маусым аралығында ұйымдастырылады.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Қаскелеңде демалыс күндері ұзындығы 15 метрге дейін жететін алып әуе батпырауықтарының шоуы да өтеді. Фудкорттар, кемпинг пен бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
«Іс-шараның ең әсерлі сәті әуе шарларының бір мезетте аспанға көтерілуі болмақ. Қонақтар аэростатпен ұшып, Іле Алатауының бөктері мен Қаскелеңнің көркем табиғатын құс көзінен тамашалай алады», – деп таратты өңір әкімдігі.
Кешкі бағдарлама да көңілді өтеді. 6 маусымда сахна төрінде DJ King Macarella өнер көрсетсе, 7 маусымда аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің концерті мен танымал қазақстандық әнші Мирас Жүгінісовтің ән кеші өтеді.
Балаларға арналған аймақта шеберлік сабақтары, батуттар және анимациялық бағдарламалар ұйымдастырылады.
Ғашық жандарға да ерекше мүмкіндік қарастырып отыр. Өйткені әуе шарымен ұшу кезінде сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасауға болады.
Билет құны 5 мың теңгеден басталады. 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Қонақтарға қолайлы болу үшін Алматы қаласынан трансфер, автотұрақ және шатырлы лагерь ұйымдастырылады.