
Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып білім беру саласында OpenAI компаниясының «ChatGPT Edu» арнайы шешімін ауқымды түрде енгізуді қолға алды. Еліміздегі университеттер, оқытушылар мен зерттеушілерге 165 мың лицензия берілді.
Бұл бастама Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің OpenAI компаниясымен арадағы меморандумы аясында жүзеге асырылуда.
Сапалы білім – жасанды интеллект арқылы
Аталған жоба аясында осы аптада OpenAI делегациясы Қазақстанға арнайы сапармен келді. 2-5 маусым аралығында Астана мен Алматы қалаларында өткен кездесулер, сарапшылық сессиялар мен воркшоптар жасанды интеллектіні (ЖИ) оқу процесіне тиімді интеграциялауға бағытталды.
Alem.ai алаңында жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға әсері және «AI-агенттер» дәуіріндегі білім беруді трансформациялау мәселелері қаралды.
Халықаралық білім беру корпорациясында ЖОО басшыларына «Agents» және «Codex» шешімдерінің мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл құралдар зерттеу және оқыту процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек OpenAI компаниясының халықаралық өкілі Валери Фокемен кездесіп, ChatGPT Edu жобасын одан әрі дамыту және Жасанды интеллект университетімен байланыс орнату мәселелерін пысықтады.
Бұл не береді?
OpenAI өкілдерінің сапары жай ғана таныстыру шарасы емес, бұл – озық AI-технологияларды ұлттық білім беру экожүйесіне енгізудегі стратегиялық қадам.
165 мың лицензия арқылы оқу орны өкілдері әлемдік деңгейдегі ең соңғы жасанды интеллект құралдарына қол жеткізеді.
Жасанды интеллектіні күнделікті оқу процесінде қолдану арқылы студенттер цифрлық экономиканың талаптарына сай кәсіби маман ретінде қалыптасады.
Әлемдегі жетекші AI-командалармен тікелей жұмыс істеу – ғылым мен инновация саласындағы жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады.
Қазақстанның бұл қадамы – білім беру саласындағы жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізіп жатқан Орталық Азиядағы маңызды прецедент. Алдағы уақытта бұл бастама еліміздің ғылыми әлеуетін арттырып, инновациялық экономиканы дамытуға тың серпін берері сөзсіз.
Айта кетейік, OpenAI қазақстандық 165 мың педагогке ChatGPT Edu лицензияларын ұсынған. Үш жыл ішінде тағы 235 мыңнан астам студент 503,7 мыңнан аса сертификат алған.