Қазақстан 154,7 млрд иена қарыз алады: Мәжіліс келісімді ратификациялады

Жарияланды 17 Маусым 2026 11:07

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстан Үкіметі экономиканың басым бағыттарын қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан 154,7 млрд жапон иені көлемінде қарыз алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжілісте заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, депутаттардың қарауына Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі, сондай-ақ Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімдерді ратификациялау жөніндегі заң жобалары енгізілген. Құжаттарға 2026 жылғы 20 мамыр мен 15 маусымда қол қойылған.

Неліктен қарыз жапон иенінде алынады

Мәди Такиев қарыз валютасы ретінде жапон иенінің таңдалуының бірнеше себебі бар екенін айтты.

«Жапон иенасы валютасын таңдаудағы негізгі себеп – Жапониядағы базалық пайыздық мөлшерлеменің төмендігі және теңге мен жапон иенасы арасындағы өзара байланыс», – деді министр.

Оның сөзінше, тартылатын қаражат Үкіметтің бірінші кезектегі міндеттерін орындауға және экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруға бағытталады.

Қарыз қандай шарттармен беріледі

Қаржы министрлігінің мәліметінше, халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері 11 жыл мерзімге беріледі. Оның ішінде алғашқы бес жыл жеңілдік кезеңі ретінде қарастырылған.

Тартылған қаражат бойынша міндеттемелер келісімдерде көзделген қаржылық шарттарға сәйкес республикалық бюджет есебінен өтелмек.

Қазақстанның халықаралық қаржы ұйымдарымен серіктестігі

Мәди Такиев Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестері екенін атап өтті.

Қазақстан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкіне 1992 жылы қосылса, Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіне 2017 жылы мүше болды. Осы уақыт аралығында тараптар арасында экономиканың түрлі салаларын қамтитын тұрақты ынтымақтастық қалыптасқан.

Министрдің айтуынша, аталған қаржы институттарының қатысуымен елімізде әлеуметтік-экономикалық маңызы бар көптеген жобалар жүзеге асырылып, гранттар бөлініп, техникалық көмек көрсетіліп келеді.

Қазақстанға қанша инвестиция тартылды

Қаржы министрлігінің дерегінше, осы уақытқа дейін Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арқылы Қазақстанға 10,7 млрд АҚШ доллары, ал Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арқылы 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған.

Елдің қарыз жүктемесі бақылауда тұр…

Министр қазіргі уақытта елдің борыштық көрсеткіштері рұқсат етілген шектерден аспайтынын жеткізді.

«Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлардың нақты деңгейі рұқсат етілген мәндер шегінде тұр», – деді Мәди Тәкиев.

Сондай-ақ ол Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары кредиттік рейтингтерімен расталып отырғанын айтты. Ал халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары еліміздің мемлекеттік борыш деңгейін басқаруға болатын төмен деңгейде деп бағалайды.

Келісімдерді ратификациялау қандай нәтиже береді

Қаржы министрінің сөзінше, халықаралық қаржы ұйымдарынан жеңілдетілген шарттармен қарыз тарту – әлемде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Бұл тәсіл экономикалық өсуді қолдау шараларын қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Мәди Такиевтің айтуынша, аталған келісімдерді ратификациялау Қазақстан үшін қандай да бір теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға алып келмейді.

Айта кетейік, Қазақстан банктері халықаралық нарыққа қайта белсенді шыға бастады. 2024-2025 жылдары олар еурооблигациялар мен басқа да қарыз құралдары арқылы шамамен 10 млрд доллар тартқан.

Сондай-ақ оқыңыз