АҚШ-тың Ирандағы соғысқа жұмсаған шығыны 37,5 млрд долларға жетті

Жарияланды 22 Шілде 2026 13:10

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
АҚШ Ирандағы соңғысқа тағы да 90 млрд доллар жұмсамақ / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

АҚШ-тың Иранмен соғысқа жұмсаған шығыны әзірге 37,5 млрд долларға жетті. Бұл туралы АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Конгрестегі тыңдау кезінде мәлімдеді.

Аталған сомаға осы уақытқа дейін жүргізілген әскери операциялармен бірге 30 қыркүйекке дейін күтілетін кейбір шығындар да кірген. Алайда Пентагон бұл есептің қалай жасалғанын егжей-тегжейлі түсіндірмеді.

Reuters бұған дейін соғыстың алғашқы алты күнінің өзіне кемінде 11,3 млрд доллар жұмсалғанын жазған еді.

Пентагон тағы 90 млрд доллар сұрап отыр

Дональд Трамп әкімшілігі Конгрестен қосымша 90 млрд долларға жуық қаржы бөлуді сұрады. Оның басым бөлігі Ирандағы әскери операцияларды қаржыландыруға бағытталмақ.

Алайда Конгресте бұл ұсынысқа күмәнмен қарайтындар көбейді. Демократтармен қатар республикашылдардың бір бөлігі де Ақ үй соғыстың қанша уақытқа созылатынын және нақты жоспары қандай екенін толық түсіндірмеді деп сын айтып отыр.

Соғыс Пентагонның басқа шығындарына қысым түсірді

Ирандағы операциялар АҚШ Қорғаныс министрлігінің шамамен 1 трлн долларлық бюджетіне қосымша салмақ түсірді. Қосымша қаржы бөлінбесе, әскери дайындық бағдарламалары, техниканы жөндеу және болашақ қару-жарақ жобаларына арналған шығындар қысқаруы мүмкін.

Соған қарамастан, Пентагон 2027 жылға арналған қорғаныс бюджетін 1,5 трлн долларға дейін ұлғайтуды сұрап отыр.

Соғыс шығынының көбеюі АҚШ-тағы саяси қысымды да күшейтті. Аралық сайлау жақындаған кезде сайлаушылар үшін инфляция, күнделікті шығындар мен бюджет тапшылығы маңызды мәселеге айналып отыр. Ирандағы операция жалғаса берсе, оның құны қазіргі 37,5 млрд доллармен шектелмеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз