Teniz Capital: жағымсыз жаңалық әсері уран алыбы акциясының бағасында ескерілген

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
фото: Серикжан Ковланбаев

Ұлттық уран алыбын басқарып отырған топ-менеджердің ұсталып, біреуінің жұмыстан шығарылуы «Қазатомөнеркәсіптің» акцияларына қалай әсер етті? Teniz Capital сарапшылары жағымсыз жаңалықтың» ықпалы компания бағалы қағаздарының құлдырауынан қазірдің өзінде байқалады деп тұжырымдайды.

Өйткені уран қымбаттап жатса да, «Қазатомпромның» Лондон қор биржасындағы жаһандық депозитарлық қолхаттары соңғы бір жылдағы ең жоғары межесінен 41 пайызға арзандаған.

23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазатомпром» басқармасының мүшесі- өндіріс жөніндегі бас директорын ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол бұрынғы «Самұрық-Қазына» басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысты болуы мүмкін деп күдікке ілінген.

Келесі күні директорлар кеңесі өндіріс және коммерция жөніндегі директорлардың өкілеттігін тоқтатқан.

Соған қарамастан компания өндіру мен жеткізу қалыпты жүріп жатқанын, жылдық жоспарлар мен клиенттер алдындағы міндеттемелер өзгеріссіз қалатынын айтты.

Осыған дейін де жыл бойы компанияның басында біраз қиындық қордалаған: өндіру салығы өсті, күкірт қышқылы жетіспеді, теңге нығайды, ал 11 қарашада негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» қорынын басшылары ұсталды.

Соның әсерінен 24 қарашада Лондон қор биржасында «Қазатомпромның» жаһандық депозитарлық қолхаттары бір күнде 2,5 пайызға арзандап, 55,3 доллар межесінде жабылды. Бұл соңғы 12 айдағы ең жоғары бағадан (93,8 доллар) шамамен 41 пайызға төмен.

Дегенмен уран бағасы арзандап отырған жоқ. Спот бағасы бір фунт үшін 90 доллар шамасында сақталса, ұзақмерзімді келісімшарттық баға номиналды мәнде 98–99 долларға жетті.

Үшінші тоқсанда «Қазатомпром» уранды орта есеппен бір фунтын 81,5 доллардан сатты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 18 пайызға қымбат, ал сатылған өнім көлемі 25 пайызға өсті.

Teniz Capital сарапшылары тергеудің кен орындарына, келісімшарттарға және уранға деген сұранысқа әсер етпегенін атап өтеді. Мамандар мемлекеттік компанияда тәртіп орнату жеке акционерлер үшін жақсы белгі болуы мүмкін деп санайды.

Өйткені сатып алу мен басқару неғұрлым ашық болса, дивидендке бағытталатын пайда да соғұрлым көбейеді. Енді нарық босаған қызметтерге кімдер тағайындалатынын және істің әрі қарай кеңейер-кеңеймесін бақылап отыр.

Қазақстан қор биржасында «Қазатомпром» акциялары 2,74 пайызға арзандап, 25 190,01 теңге болды.

Лондон қор биржасындағы (LSE) компанияның жаһандық депозитарлық қолхаттары да қатарынан екінші күн арзандап жатыр. Екі сессияда 4,23 пайыз арзандап, бағасы 54,30 долларды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз