Орта дамуға жол ашады
«Мемлекет басшысы «2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізудің жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Ресми хрониканың артында, менің ойымша, жылдың ең басты шешімдерінің бірі тұр. Еліміз таяу жылдардағы технологиялық дамудың негізін қалайтын және негізінен Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріне қалай қадам басуды жоспарлап отырғанын сипаттайтын құжатқа ие болды.
Мені стратегияны дайындау кезеңінде талқылауға шақырған болатын, бұл мен үшін осы құжатқа байланысты ең үміт сыйлайтын белгілердің бірі болды. Мемлекет мұндай шешімдердің тағдырын технологиялық сектормен бірлесе талқылаған кезде, бұл басқару жүйесінің өзінің де жетілгендігін көрсетеді.
Жобаны талқылау барысында мен бір қарапайым ойды айтқан едім. Цифрландыру және жасанды интеллект стратегиясы жай ғана жобалардың тізіміне айналып қалмауға тиіс. Жобалар үнемі көп болады. Көптеген компания бүгінгі күннің өзінде мемлекет, бизнес және азаматтар үшін түрлі шешімдерді әзірлеп жатыр. Бірақ жобалардың өзі ғана дамуды қамтамасыз ете алмайды.
Дамуды орта қалыптастырады.
Мен «орта» дегенде ережелерді, стандарттарды, деректерді, мемлекет пен нарықтың өзара іс-қимыл тетіктерін, жүйелердің өзара үйлесімділігіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ реттеу және сұранысты қалыптастыру қағидаттар деп түсінемін. Бұл кейіннен ондаған жаңа сервистердің, компаниялардың, өнімдер мен тұтас салалардың бой көтеруіне негіз болатын іргетас. Сондықтан қорытынды құжатта цифрландырудың жүйелі трансформация ретінде қарастырылуын түбегейлі маңызды деп есептеймін. Стратегияның өзінде бұл туралы ашық айтылған: «Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, цифрландыру мен ЖИ жекелеген IT-жобалардың жиынтығы ретінде емес, мемлекетті, экономиканы және адамды түгел қамтитын тұтас ұлттық трансформация ретінде барынша жоғары нәтиже береді».
Соңғы жылдары мемлекеттік басқару саласында болып жатқан процестерді, ауқымы әлі де жете бағаланбай жатқан үлкен құбылыс деп санаймын. Президент айқындаған болашақ пайымы мемлекеттік аппарат жұмысының негізгі логикасын біртіндеп қайта өзгертуде. Сондай-ақ Стратегияның форматын белгілеп береді. Менің ойымша, «Digital Qazaqstan» құжатының негізі өте дұрыс қаланған. Құжатта мақсаттар сипатталған тұста адамдар өмірінің сапалық өзгерістері, адами капитал, еңбек өнімділігі, экономиканың дамуы және елдің бәсекеге қабілеттілігі туралы айтылады. Стратегия ашық түрде «өнімділіктің артуын, технологиялық егемендіктің нығаюын және азаматтардың тұрмыс деңгейінің өсуін» уәде етеді. Ал оны жүзеге асыру құралдарына келгенде, құжат мемлекеттік рәсімдерді, деректерді, платформаларды, қызметтерді, бюджеттік процестерді және басқару аппаратының өзін трансформациялауға ойысады.
Табысты реформалар дәл осылай жүзеге асады.
Заманауи мемлекет бәрін өз бетінше жасауға тырыспаған дұрыс. Өйткені әл-ауқатты, инновацияларды немесе өнімділікті тікелей өзі қалыптастыра алмайды. Ол анағұрлым икемді әрекет етеді, институттар пайда болып, өздігінен дамитын, ал бизнес пен азаматтардың бастамаларына кең өріс ашылатын орта құрады. Бұл тұрғыда құжаттың мына бір түйінді ережесі ерекше маңызды: «мемлекет институционалдық цифрлық ортаны қалыптастырады, экономика мен бизнес технологияларды енгізуді және өнімділіктің өсуін қамтамасыз етеді, ал азаматтар цифрлық түрленулердің негізгі бенефициарлары және белсенді қатысушылары болады». Түптеп келгенде, бұл – жаңа қоғамдық архитектураның өте дәл формуласы, оның өзегінде мемлекет өзгерістер үшін жағдай жасап, бұл өзгерістердің ел мен халықтың игілігіне қызмет етуінің кепілі болып қала береді.
Сондықтан стратегияның жеке сектордың рөлі туралы бөлімі ерекше маңызға ие. Құжатта «Стратегияны жүзеге асырудың негізгі қағидаттарының бірі нарықтық тетіктер мен жеке бастамаларға арқа сүйеу» екені нақты бекітілген. Сонымен қатар стратегияда «коммерциялық әлеуеті бар инфрақұрылымдық бастамалар, қолданбалы сервистер, ЖИ-шешімдері және салалық цифрлық құралдар жеке капиталды тарту және нарықтық тетіктерді қолдану арқылы жүзеге асырылады» деп көзделген.
«Технологиялық бизнес үшін бұл – ең маңызды белгілердің бірі. Жеке компаниялар ең үздік шешімді ұсыну құқығы үшін өзара бәсекелессе, мемлекет ойын ережелері мен ұзақмерзімді институционалдық сұранысты айқындайды. Бұл логикаға сәйкес, нарыққа тек жоғары сапамен және енгізу жылдамдығымен жауап беру ғана қалады.
Стратегияда қазіргі бар шектеулердің ашық мойындалуы да өте құнды: «Нәтижесінде мемлекет бір мезгілде әрі тапсырыс беруші, әрі реттеуші, әрі орындаушы ретінде әрекет етеді, бұл нарықтық ынталандыру тетіктерін бұрмалайды, сапа бойынша бәсекелестікті төмендетеді және жеке IT-компаниялар мен стартаптарды ірі трансформациялық жобалардан ығыстырып шығарады». Бұл – цифрлық экономиканың дамуына деген кемел көзқарас және мемлекеттер арасында сирек кездесетін, жауапкершілікті өз мойнына алуға деген дайындықтың белгісі. Бұл жерде жақында Жоғарғы Соттың форумында талқылаған әкімшілік әділет реформасындағыдай логика жатыр. Мемлекет өз еркімен азаматтар алдында жауапты болуға міндеттейтін институттар мен құжаттарды қабылдап отыр. Мұндай қадамға әлемде санаулы мемлекет қана барады.
Мен бұл форумда Мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеп, цифрлық стратегияға да тікелей қатысы бар мәселелерді қозғаған едім. Өзімді сенімді технооптимист деп санаймын және технологиялардың ауқымды қоғамдық міндеттерді еңсеруге қауқарлы екеніне сенемін. Сонымен бірге, көпжылдық тәжірибем маған оларға құрғақ қиялмен қараудан ада болуды үйретті. Технология тек қоғамнан өз орнын тапқанда ғана нақты нәтиже бере бастайды. Азаматтың мемлекет алдында өз құқығын қорғайтын пәрменді тетігі болғанда, ал әкімшілік рәсімдер сенімді әрі түсінікті сипат алғанда, елде өзара сенім жинақталады. Тек осындай сенімнің негізінде ғана технологиялық экожүйелер де өркендеп, терең реформалар да өз жемісін береді. Сондықтан мен әкімшілік әділет реформасы мен «Digital Qazaqstan» стратегиясын жаңа өнімдер, сервистер, компаниялар мен тұтас салалар пісіп-жетілетін бірыңғай қоректік ортаның құрамдас бөліктері ретінде көремін.
Бұл туралы өз компаниямыздың тәжірибесіне сүйене отырып айта аламын. Бүгінгі таңда Freedom сервистерін 14 миллионнан астам адам пайдаланады. Мен үшін көрсеткіштің артында бизнестің ауқымынан да маңыздырақ дүние жатыр.
Пайданың маңызы зор екені сөзсіз – ол бізге табыс табуға, көбірек салық төлеуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік жобаларға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Бірақ біздің экожүйе ретіндегі негізгі құндылығымыз – миллиондаған адамдардың күнделікті өмірін сапалы әрі ыңғайлы ете түсу. Негізінен, мемлекет те қазір «Digital Qazaqstan» стратегиясында дәл осы мақсатты айқындап отыр. Мемлекет даму бағыты мен стратегиялық көкжиекті белгілесе, сол шеңбердің ішінде экожүйелер өркендейді, ал олар арқылы күн сайын миллиондаған пайдаланушылардың өзара іс-қимылы жүзеге асып жатады
Мемлекет пен технологиялық сектордың мұндай симбиозы, меніңше, әлемде Қазақстандағыдай сәтті қалыптасқан жер кемде-кем. Бұл – жаһандық турбуленттілік дәуірінде де институттардың қалай нығая алатынының жарқын мысалы. Көптеген елдерде біз бұған керісінше жағдайды көріп отырмыз. Мемлекеттің әлсіреуі қоғамдық дағдарыстарға ұласып жатса, билікті күшпен ұстап тұру әрекеттері тығырыққа тірейді. Қазақстан өз жолын таңдады, оны Мемлекет басшысы «Қуатты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласы арқылы айқындап берді. Цифрлық стратегия институционалдық құрылыстың дәл осы бағытын ілгерілетеді.
Нәтижесінде Қазақстан «жігі білінбейтін мемлекет», яғни Invisible State моделін шынайы түрде құра алатын санаулы елдердің біріне айналуы мүмкін. Соңғы жылдары еліміз цифрлық мемлекеттік басқару бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енді. Кеше ғана эксперимент ретінде қабылданған шешімдер бүгінде миллиондаған адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды
Сондықтан Қазақстанның келесі экспорттық өнімі цифрлық мемлекет үлгісінің өзі болуы мүмкін деп есептеймін. Бұл – дамып келе жатқан әлем үшін өте маңызды ноу-хау. Мұндай елдер цифрлық сәйкестендіру мен мемлекеттік платформалардан бастап, деректер алмасуға, электрондық қызметтерге және мемлекеттік секторда жасанды интеллектті қолдануға дейінгі Қазақстан бүгіннің өзінде еңсеріп жатқан дәл сондай сын-қатерлермен бетпе-бет келуде. «Digital Qazaqstan» сәтті жүзеге асқан жағдайда, әзірленген шешімдердің архитектурасын, стандарттарды, платформаларды және цифрлық басқарудың тұтас экожүйелерін экспорттауға мүмкіндік туады.
Бұл ретте біздің маңызды артықшылығымыз бар. Қазақстан ешқандай идеологиялық шарттарсыз және геосаяси шектеулерсіз технологияларды ұсынуға қауқарлы, прагматикалық әрі саяси тұрғыдан бейтарап мемлекет ретінде қабылданады
Қорытындылай келе, құжаттың тағы бір ерекшелігін атап өткім келеді. Әдетте мұндай стратегиялардан ондаған жылдарды қамтитын ауқымды жоспарлар күтіледі, Қазақстанның өзі де бұған дейін жиырма-отыз жыл алға бағытталған бағдарламаларды қабылдаған болатын. Осы тұрғыдан алғанда, стратегияны 2029 жылға дейінгі қысқа мерзімге бекіту туралы шешім ерекше көрінеді. Бірақ, меніңше, құжаттың басқарушылық батылдығы да дәл осы шешімде жатыр. Қысқа мерзімді көкжиек қазіргі әлемдегі өзгерістердің шынайы жылдамдығын көрсетеді. Технологиялар мен басқару модельдері цифрлық трансформацияны ондаған жылдар алға нық сеніммен жоспарлау үшін тым тез өзгеруде. Сонымен қатар, бұл мемлекеттің технологиялық кемелдігін және оның тұрақты бейімделу логикасы аясында жұмыс істеуге дайындығын білдіреді.
Технологиялар туралы құжатты талқылап жатырмыз. Бірақ, шын мәнінде, әңгіме бұдан әлдеқайда ауқымды дүние – бәріміз өмір сүріп жатқан ел және сол ел үшін біз құрып жатқан болашақ туралы болып отыр. «Digital Qazaqstan» технологияның өзінен көрі адами және институционалдық нәтижелерді жоғары қояды. Бұл –ұлтты терең цифрландыру Қазақстанның дамыған мемлекет мәртебесіне жету жолына айналатын, ал технологиялар институттардың жаңа сапасына жетелейтін көпір болатын ел дамуының келесі кезеңінің логикасын айқындау әрекеті. Бәріміздің алдымызда осы траектория бойынша үйлесімді әрекет етіп, дұрыс шешімдерді бірлесе қабылдаудың ортақ міндеті тұр. Жаңа заман ашатын мүмкіндіктерді де, мемлекет пен қоғам арасында қалыптасқан сенім деңгейін де ел игілігіне жарата алатынымызға нық сенімдімін