Көз жасына ерік берген блогер Айым Сейтметова желі қолданушыларына жауап берді

Жарияланды 17 Маусым 2026 16:56

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Айым Сейтметова жағдайын айтты / фото: скрин, коллаж: kursiv.media

Танымал блогер әрі актриса Айым Сейтметова соңғы күндері желі қолданушыларын ойландырып қойды. Ол өзінің инстаграм парақшасында қызымен түскен суретін жариялап, «Сен үшін мықты боламын, балапаным!» деген жазба қалдырған болатын. Бұған қоса, өмірдегі қиын кезеңді меңзейтін видеолар жүктеп, оқырман қауымды алаңдатып та қойғаны бар.

Оқырмандардың бір бөлігі блогердің жеке өмірінде (мүмкін, ажырасу немесе отбасылық қиындықтар) ауыр жағдай орын алғанын айтып, шын жүректен уайымдап, қолдау білдіріп жатыр. Алайда қазіргі блогерлердің айла-тәсілдерінен шаршаған желі қолданушыларының екінші тарапы бұны кезекті курстың немесе жаңа жобаның алдындағы қыздыру жұмыстары деп бағалап отыр.

«Мұндай қайғыда ешкім хайп жасамайды» – Айымның жауабы

Оқырмандар тарапынан келіп жатқан «назар аударту», «хайп» деген пікірлерден кейін, Айым Сейтметова арнайы видеоүндеу жариялап, жағдайдың анық-қанығын түсіндіруге тырысты. Ол әрекетінің жұмысқа ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, көз жасына ерік берді.

«Қазір бұл «прогрев», бұл «хайп», ол жақында жаңа жобасын іске қосады деп жазып жатқан адамдар, шынымен барлық блогерлерді сондай деп ойлайсыздар ма? Сондай ауыр қайғы үстінен біреу хайп жасайды дегенге қалай сенуге болады? Сіздер менің қазір қандай қиындықты бастан өткеріп жатқанымды елестете де алмайсыздар», – деді блогер.

Сонымен қатар, Айым қазіргі уақытта арнайы тексерістер мен заңдық процестер жүріп жатқандықтан, болған жағдайды ашып айта алмайтынын жеткізді. Ол тек өзінің жан дүниесі құлазып, өзін нашар сезініп жүргенін оқырмандарына ескерткісі келгенін айтты.

Желі қолданушылары не дейді?

Айымның құрбылары мен өнердегі әріптестері оған барынша қолдау көрсетіп, жұртты алдын ала тон пішпеуге шақырды.

Дегенмен, аудиторияның сенімсіздігі де орынды. Желідегі танымал пікірлердің бірінде былай делінген:

«Мұның иісі прогревке ұқсайды. Адам шынымен қарым-қатынас дағдарысын немесе үлкен бақытсыздықты бастан кешіп жатса, күнделікті миллиондаған тұспалдармен, сапалы видеолармен контент жасауға мұршасы болмайды. Егер осыдан кейін бір нәрсе сатылымға шықса, біржола отписка жасаймын», деп жазды желі қолданушысы.

Бұған жауап ретінде Айым Сейтметова:

«Мен ешқашан өз контентімді интрига, ажырасу сияқты дүниелермен жасаған емеспін. Алла ешкімнің басына мұндай жағдайды бермесін. Қорытынды жасамас бұрын, адамның не сезініп жатқанын ойлап, Құдайдан қорқыңыздар», – деп пікір қалдырды.

Айымның отбасында нақты не болғаны әлі де жұмбақ. Бірақ блогердің айтуынша, бұл оның жұмысына, бизнесіне еш қатысы жоқ, таза жеке өміріндегі үлкен соққы болып тұр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Айым Сейтметованың әкесі актер Азат Сейтметов «Халық әртісі» атағын алған еді.

Сондай-ақ оқыңыз