Орталық Азия елдерінің сыртқы қарызы: Қазақстан неліктен көш бастап тұр

Жарияланды 18 Маусым 2026 18:04

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Орталық Азия елдерінің сыртқы қарызы көбейген / Фото: kursiv.media, бильд-радактор Ахтам Зиперов

Орталық Азия елдерінің (Түрікменстанды есептемегенде) сыртқы қарызы соңғы бес жылда шамамен үштен бір есе өсіп, 290,8 миллиард долларға жетті, Ортақ қарыздың жартысынан астамы, яғни 62,5%-ы Қазақстанға тиесілі. Бұл туралы ranking.kz жазады.

Қазақстанның сыртқы берешегі былтыр 10,4%-ға артып, 181,8 миллиард долларға жеткен. Бірақ бұл сандардан қорқудың қажеті жоқ, өйткені Қазақстанның қарыз құрылымы көршілеріне қарағанда мүлдем басқаша.

Елдің сыртқы қарызының тең жартысы (89,9 млрд доллар) — мемлекеттің емес, халықаралық ірі компаниялардың Қазақстандағы өз «еншілес» кәсіпорындарына салған инвестициялары мен ішкі несиесі.

Мұндай фирмааралық қарыздар негізінен Нидерланды, Ұлыбритания және Ресей сияқты мемлекеттердің инвесторлары тарапынан мұнай-газ және тау-кен саламызды дамыту үшін құйылған.

Ал тікелей мемлекеттік органдардың, яғни үкіметтің мойнындағы сыртқы қарыз жалпы соманың небәрі 8,8%-ын (16 млрд доллар) ғана құрайды, қалған бөлігі жеке және квазимемлекеттік секторға тиесілі. Қазақстан үкіметі бюджет тапшылығын жабу үшін ірі банктерден тағы 1 млрд доллар қарыз алмақ.

Көрші елдердің сыртқы қарызы

Көрші елдердегі жағдай мүлдем басқа бағытта өрбіп жатыр. Мәселен, Өзбекстан қарыз алу жылдамдығы бойынша аймақта бірінші орынға шықты.

Олардың сыртқы берешегі бір жылда бірден 26%-ға өсіп, 89,6 миллиард долларға жеткен, бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,5 есе көп.

Өзбекстанда Қазақстанға қарағанда мемлекеттің үлесі өте жоғары: қарыздың 41,4%-ын (37,1 млрд доллар) үкімет Азия даму банкі мен Дүниежүзілік банктен бюджетті қолдау мен түрлі жобаларға алған.

Ал Қырғызстан мен Тәжікстан бұл мәселеге өте сақ қарап отыр. Қырғызстан өткен жылы берешегін небәрі 0,5%-ға ғана өсіріп, 12,4 миллиард долларға жеткізсе, мұнда да қарыздың 43%-ы мемлекетке тиесілі.

Тәжікстан болса 6,9 миллиард доллармен аймақтағы ең аз қарызы бар ел атанды, тіпті өткен жылы өз мемлекеттік қарызын 5,9%-ға азайта алған жалғыз мемлекет болды.

сылайша, Орталық Азия елдерінің сыртқы қарызы сырттай үлкен көрінгенімен, Қазақстанда бұл негізінен өндіріске құйылған жеке инвесторлардың ақшасы, ал өзге көршілерде мемлекеттің тікелей алған несиелері болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыз