
Сан алуан интернет-мемдер мен трендтер қаптаған бүгінгі заманда көкейкесті тақырыпқа арнап салған, ой қозғайтын карикатура – ескінің сарқыншағындай көрінетін сияқты. Бірақ өнердің бұл түрі әлі де бар, ешқайда жоғалмады. Қайта арзан күлдіргі контент көбейген шақта мықты карикатураның құны өсті ме деп қаласың.
Содан болар, ертең Бельгияның Крёйсхаутем қаласындағы European Cartoon Center орталығында белгілі қазақ карикатурисі Ғалым Боранбаевтың (Ғалым Смағұл) Images Finding a Voice («Үн қатқан бейнелер») атты жеке көрмесі ашылады деген хабарды естігенде қуандық. Елге танымал суретші туындыларының шетел аудиториясына жол тартып, қошеметке бөленіп отырғаны бірінші рет емес. Ғалым Смағұл былтыр Кнокке-Хейст (Knokke-Heist) қаласында (ол да Бельгияда) өткен, карикатурашылар арасында ең беделді байқаулардың бірі саналатын халықаралық фестивальде күміс жүлде алған.
Сөзбен жеткізе алмағанды карикатура жеткізеді
Knokke-Heist байқауында екінші жүлде алған карикатурада ормандағы үш құндыз бейнеленген: екеуі ағаш кеміріп отыр, үшіншісі – даяшы болып қызмет көрсетіп жүр. Құндыздардың тіршілігін адам тұрмысына балап отырғандай.

«Карикатурада логика бола бермейді, бастысы – жақсы, ұтымды идея», – дейді Ғ.Смағұл.
Байқаудың бас жүлдесін ирандық суретші Саджат Рафиге берді. Оның «Соңғы көрініс» атты иллюстрациясында – қираған үйлердің үйінділері жатқан театр сахнасы, қойылым соңында әскери форма киген кейіпкердің көрермен алдына шығып, бас иіп тұрғаны бейнеленген. Бұл былтыр өткен байқау… Суретшіні «сәуегей» демеске амал бар ма.

Көкейкесті тақырып көтерген
Заман талғамайтын маңызды, өзекті мәселелер бар (мысалы, білім-ғылымға ұмтылу), жаңа заман дертіне айналған, кейін пайда болған құбылыстар бар (мысалы, балалардың көз жазбай, смартфон қарауы). Осылардың бәрін түрлі образдарға салып жеткізген карикатуралардан табасыз.

Ғ.Смағұлдың сөзінше, біздің елде карикатурамен айналыссаңыз, тақырыпсыз қалмайсыз, әр күннің, аптаның карикатурасын салуға болады.

«Кейінгі кезде салған карикатураларымның тақырыптары көбіне әлеуметтік әділдік, экология, соғыс пен бейбітшілік, сөз бостандығы сияқты жаһандық мәселелерге арналған. Карикатура – тек күлдіру құралы емес, ол қоғамға ой салатын, өзекті мәселелерді терең астармен жеткізетін өнер», – дейді ол.

Өнер иесінің салған суреттері көпшілікке бірдей жаға бермейді. Қолдайтындармен қатар, қарсы пікір білдіретіндер де болады. Әсіресе дін мәселесіне арнап салған карикатуралары қызу пікірталасқа себеп болған екен.
Саясатты жанап өткен
Бұл ретте жұртқа өткір сатиралық стилімен танылған тағы бір қазақ карикатурисін – Мұрат Ділмановты айтпай кетпесе болмас.

Оның иллюстрацияларын қалың жұрт газет-журнал беттерінен емес, көбіне әлеуметтік желіден көріп, қызықтап жүр.

Бұл жанрда М.Ділманов қазір бұрынғыдай белсенді емес, қол үзді десек те болады. Себебін шығармашылық тоқырауға ұшырағанымен, ынтасы жоғалғанымен түсіндіріп отыр.
«Карикатура – қағаз баспасөз форматына жарасымды, соған үйлесімді болған еді. Қазір ойды қиналмай, тез жеткізуге мүмкіндік беретін қолжетімді құралдар баршылық. Жасанды интеллект бар. Бастысы – өз ойың, айтарың болуы керек», – дейді ол.

Нақты бір сюжет, кейіпкерге арнап жасағаны болмаса, Ділмановтың бұрын салған карикатураларын «ескі» деуге келмейді. Арасында жоғарыда сөз болған заман талғамайтын тақырыптар көп-ақ.