Төрт мың жылдық тарихы бар Го ойыны: Шығыс философиясы Қазақстанға қалай келді

Жарияланды 20 Шілде 2026 13:48

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: kaz.go.association

Бүгінгі таңда әлемде миллиондаған жанкүйері бар, стратегиялық ойлау мен сабырлық танытудың шыңы саналатын Го ойыны – адамзат тарихындағы ең көне интеллектуалдық спорт түрлерінің бірі.

Го ойынының шығу тарихы

Го ойынының тарихы тереңде жатыр. Зерттеушілер оның пайда болғанына 4000 жылдан асқанын алға тартады. Ойынның отаны Ежелгі Қытай. Қытай тілінде ойынды «вэйци» (围棋 – қоршау ойыны) деп атайды, ал бізге таныс «Го» атауы жапондық «иго» сөзінен бастау алған. Алайда, Го ойыны қашан, қайда пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ.

Ойынның шығу тарихы туралы бірнеше аңыз бар. Ең танымал аңыздардың бірінде ежелгі Қытай императоры Яо ойынды өзінің ұлы Даньджудың зейінін дамытып, сабырлы болуға, стратегиялық жоспарлауға үйрету үшін арнайы ойлап тапқаны айтылады.

Кейбір деректерде Го тақтасы (Габан) алғашқыда жұлдызды аспанды бақылауға арналған күнтізбе немесе болжау құралы ретінде пайдаланылып, кейіннен ойынға айналғаны айтылады.

Ғасырлар бойы ойын Қытайдағы төрт негізгі өнердің бірі ретінде бағаланып, тек ақсүйектер мен данышпандар айналысатын ілім саналды. VII ғасырда ойын Жапония мен Корея түбегіне жетіп, ол жақта кәсіби мектептер қалыптаса бастады.

Поп-мәдениет пен кинодағы символы

Мағынасы терең үстел ойынын әлемдік фильмдерден де байқауға болады. Көптеген батыс фильмдерінде ойын кейіпкерлердің ішкі стратегиясын, текетіресін немесе жоғары интеллектуалдық деңгейін көрсету үшін қолданылады. Мәселен, әйгілі «Көркем сана» (A Beautiful Mind) драмасы мен «Қайралған пышақтар» (Knives Out) детективінде Го ойыны маңызды сахналарда бой көрсетеді. Кинематографияда бұл ойын көбіне айла-тәсілдің, соғыс тактикасының немесе асқан данышпандықтың нышаны ретінде бейнеленеді.

««Көркем сана» фильмінен кадр

Сонымен қатар, бұл интеллектуалдық спортты корей және жапон дорамаларынан да өте жиі кездестіруге болады. Мұнда кейіпкерлердің мінез-құлқын, төзімі мен ұзақ мерзімді жоспарын ашуда басты деталь ретінде қызмет етеді.

Го ойынының ережесі мен философиясы

Го ойыны сырттай қарапайым көрінгенімен, оның нұсқаларының саны ғаламдағы атомдар санынан да көп деп есептеледі.

19х19 сызығы бар тақтада екі ойыншы қара және ақ тастармен кезектесіп жүреді. Мақсат қарсыластың тасын толық қоршап алып, алаңда көбірек аумақты басып алу.

Шахматтан айырмашылығы – Го ойынында қарсыластың «патшасын» өлтіріп, толық жою міндетті емес. Мұнда басты қағида тепе-теңдік сақтау, өз аумағыңды қорғай отырып, қарсыласпен бейбіт қатар өмір сүру кеңістігін бөлісу. Ойын адамды ұзақ мерзімді шешім қабылдауға және сабырға тәрбиелейді.

фото: kaz.go.association

Го ойыны Қазақстанға қалай келді?

Қазақстанда интеллектуалдық спорт түрі соңғы жылдары ерекше серпінмен дамып келеді.

2022 жылы Қазақстанда Го ойынын жүйелі дамыту және оны кеңінен насихаттау жұмыстары қолға алынды. 2023 жылы кәсіпкер Ерлан Құнанбаев Алматы қаласында еліміздің тарихындағы тұңғыш мамандандырылған Го мектебін ашты. Ал, 2025 жылы Қазақстан Го қауымдастығы құрылып, спорт түрінің дамуы жаңа деңгейге көтерілді.

Бүгінде жүйелі жұмыстардың жемісі анық байқалады. Го ойыны елдегі мемлекеттік және жекеменшік мектептердің, сондай-ақ жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізіле бастады.

Қазіргі таңда Қазақстанда 5 мыңға жуық адам осы көне Шығыс ойынын меңгерген. Отандық мамандар спортты қазақ тілінде дамытуды өздерінің басты миссиясы санап, жаңа буынды стратегиялық ойлауға баулып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз