
Қарбыз – жаз мезгілінің сүйікті жемісі. Алайда бұл өнімді таңдауда және тұтынуда сақ болған жөн. Біреулер тәуекелге барып, қарбыздың дәмін қазірдің өзінде татып көрсе, енді бірі жаздың бел ортасын күтуді жөн көреді. Маусым айында сатылатын алғашқы қарбыздарды жеуге бола ма деген сұрақ жиі туындайды. Осыған байланысты Kursiv LifeStyle мамандардың кеңесіне шолу жасап көрді.
Қарбыздарды таңдағанда нені ескеру керек
Диетологтардың айтуынша, қарбыздың өзі пайдалы өнім болғанымен, оны таңдауда және тұтынуда бірнеше ережені сақтау маңызды.
Диетолог Марият Мухина қарбыздың құрамында су мөлшері көп, сондықтан ол ағзадағы су теңгерімін сақтауға көмектесетінін айтады. Сонымен қатар қарбызда калий, магний және антиоксидант қасиеті бар заттар бар. Дегенмен ерте піскен қарбыздарды таңдағанда, өнімнің сапасы мен өсіру жағдайына ерекше назар аудару қажет.

Маманның айтуынша, маусым айында қарбыз жеуге болады, алайда өнімнің сыртқы түріне ғана емес, шыққан жері мен сақталуына да назар аудару қажет. Ерте жиналған кейбір қарбыздарда нитрат мөлшері жоғары болуы мүмкін, сондықтан сенімді сатушылардан алған дұрыс.
Ерте піскен қарбыздарды жеуге бола ма
Медициналық компанияның дәрігер-сарапшысы Вера Сережина қарбыз бен қауынды маусым айында сатып алу улану қаупін арттыруы мүмкін екенін айтады.
Улануға көбіне жемістің тез өсуін қамтамасыз ету үшін қолданылатын нитраттар мен пестицидтер себеп болады. Нитраттар қарбыздың қабығы мен жасыл бөлігінде жиналып, ағзада зиянды улы нитриттерге айналуы мүмкін. Әсіресе, балалар мен созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Нитраттарға байланысты қауіп төмен болатын шілденің соңы мен тамыз айында қарбыз сатып алған дұрыс, – деді Вера Сережина 56orb.ru сайтына берген пікірінде.
Дәрігер-токсиколог, медицина ғылымдарының кандидаты Михаил Кутушов та қарбыз сатып алуға ең қолайлы уақыт тамыз айы екенін айтады. Себебі дәл осы кезеңде жолақты жеміс жақсы пісіп, шырынды болады.
Дегенмен шілде айында да сапалы қарбыз кездестіруге болады. Ол үшін жеміс ерте пісетін аймақтардан жеткізілген болуы керек. Ең бастысы – қарбызды тексерілген жерлерден: базардан немесе жақсы беделге ие дүкендерден сатып алу қажет, – деп атап өтті Михаил Кутушов.
Еске салсақ, осыған дейін стресті азайтып, ұйқыны жақсартатын ең пайдалы сусын жайлы жазған едік.