Екі клиника басшысы 221 млн теңгеден аса МӘМС қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша екі жекеменшік клиниканың басшылығы тергеуге алынды.
Бұл туралы ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті хабарлады.
Тергеу амалдарына сай, атап айтқанда, олар – «ИБН СИНА» және «SOFIE MED GROUP» медициналық орталықтары. Екі орталық лауазымды тұлғалары ер адамдарға қойылған «варикоцеле» диагнозы бойынша медициналық қызметтерді кодтау кезінде әйелдерге арналған жоғары технологиялық операцияның – «кіші жамбас ағзалары мен жатыр артериялары тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы» қызмет кодын көрсеткен.
Нәтижесінде 200-ден астам ер адамға негізсіз қымбат медициналық қызмет рәсімделіп, емдеу құны 10 есеге дейін ұлғайтылған.
Сонымен қатар, 19 жағдайда пациенттер аталған клиникаларға жүгінгенін мүлде растаған жоқ.
ҚМА ақпаратынша, мемлекетке келтірілген залал сомасы 221 млн теңгеден асқан. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Сондай-ақ Қарағанды облысында да МӘМС аясында тегін көрсетілуі тиіс жүктілікті жасанды тоқтату қызметтері үшін ақы алудың жүздеген заңсыз жағдайы анықталған болатын.