Маңғыстаудағы клиникаларда ер адамдарға әйелдерге қойылатын диагноз қойып келген

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: KursivMedia мұрағаты
Фото: KursivMedia мұрағаты

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша екі жекеменшік клиниканың басшылығы тергеуге алынды. Бұл туралы ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті хабарлады.

«ИБН СИНА» және «SOFIE MED GROUP» атты медициналық орталықтарда ер адамдарға әйелдерге қоятын диагноздарды қойған. Нақты айтқанда, ер кісілердің емдеу құжатына «кіші жамбас ағзалары мен жатыр артериялары тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы» деген қызмет кодын көрсеткен. Бірақ олар тек әйелдерде болатын аурулар.

Нәтижесінде 200-ден астам ер адамға негізсіз қымбат медициналық қызмет рәсімделіп, емдеу құны 10 есеге дейін ұлғайтылған. Оның ішінде 19 науқас аталған клиникаларға жүгінгенін мүлде растаған жоқ.

ҚМА ақпаратынша, мемлекетке 221 млн теңгеден аса залал келген. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Бұған дейін Қарағанды облысында да МӘМС аясында тегін көрсетілуі тиіс жүктілікті жасанды тоқтату қызметтері үшін ақы алудың жүздеген заңсыз жағдайы анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз