
6 шілде күні Freedom Кино мен ТВ платформасында отандық спорт сүйер қауым тағатсыздана күткен «Қайрат ФК» деректі сериалы жол тартты. Бұл туынды – еліміздегі ең танымал әрі іргелі футбол клубтарының бірінің қалыптасу жолы мен оның УЕФА Чемпиондар лигасына дейінгі тарихи сапарын баяндайтын ауқымды жоба.
Бұл жай ғана спорттық жеңістер туралы фильм емес. Туынды матч кезінде миллиондаған жанкүйердің көзіне көріне бермейтін кадр сыртындағы адамдар, клубтың ішкі ұстанымы мен жылдар бойы атқарылған тынымсыз еңбек туралы сыр шертеді.
Көп жылдар бойы «Қайрат» футбол клубы өз академиясын дамытуға тұрақты түрде қаржы бөліп, жас ойыншыларды даярлаудың бірегей жүйесін қалыптастырды. Клубтың ұзақ мерзімді стратегиясы өз академиясында білім алып, жаттығып жүрген жас таланттарға сенім артуға негізделген. Шыдамдылықты, жүйелілікті және күнделікті қажырлы еңбекті талап ететін дәл осы бағыт сериалдың негізгі өзегіне айналған.
Жоба көрерменге әдетте телекөрсетілімдердің тасасында қалып қоятын тылсым әлемге жол ашады. Архивтік материалдар, клуб өмірінен алынған эксклюзивті кадрлар, сондай-ақ футболшылармен, бапкерлермен және басшылықпен жүргізілген сұхбаттар тарихты іштен көруге мүмкіндік береді. Бұл – үлкен спорттық жолдың негізін құрайтын шешімдерге, эмоцияларға, күдік пен жеңістерге деген шынайы көзқарас.
Жарық көрген алғашқы бөлім клуб тарихындағы ең маңызды кезеңдердің біріне арналған. Көрермендер академияның жылдар бойғы табанды еңбегін, шиеленіске толы іріктеу кезеңін және шотландиялық «Селтикпен» болған тарихи текетіресті тамашалай алады.
Бөлімнің шарықтау шегі – жеребе тарту сәті. Ол «Қайратты» Еуропаның алпауыттары – «Арсенал» және «Реал Мадридпен» жолықтырады. Дәл осы сәтте клубтың көпжылдық стратегиясы үлкен сыннан өтіп, ұжымның жетістігі жасыл алаң шеңберінен шығып, ауқымды оқиғаға айналады.
«Біз бұл жобаны қолға алғанда, тек футбол клубының тарихын баяндап қана қоймай, дүркіреген жеңістердің артында не тұрғанын көрсетуді мақсат еттік. Жанкүйерлер тек 90 минуттық матчты ғана көреді, бірақ жылдар бойғы дайындықты, жүздеген адамның күнделікті еңбегін және төрешінің соңғы ысқырығы шалынғанға дейін қабылданатын маңызды шешімдерді көрмейді. «Қайрат» футбол клубымен бірлескен жұмыс нәтижесінде команданың ішкі өмірін көрсетуге мүмкіндік туды. Жобадағы басты ұстанымымыз – шынайылықты сақтау: жасанды көріністерсіз футболшылардың нағыз эмоциясын жеткізу»», – деді жоба режиссері Ханзат Кеңес.
Деректі сериал үлкен жеңістердің бір маусымда ғана оңайлықпен келмейтінін көрсетеді. Олар – ондаған жылдар бойғы қажырлы еңбектің, өз жүйеңе деген кәміл сенімнің және қиындықтарға қарамастан, тек алға ұмтылған жандардың бірлескен жұмысының жемісі.
Сериалды қайдан көруге болады?
Сериалдың алғашқы бөлімін YouTube платформасынан көруге болады. Туындының жалғасы тек Freedom SuperApp қосымшасындағы «Кино мен ТВ» бөлімінде эксклюзивті түрде көрсетіледі.
Сонымен қатар, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі ең тартысты матчтарды да аталған Freedom SuperApp қосымшасының «Кино мен ТВ» бөлімінен тікелей тамашалай аласыздар.
Айта кетейік, осыған дейін «Қайраттың» жас жұлдызы Дастан Сәтбаевтың лондондық «Челси» сапындағы оқу-жаттығу туралы жазған едік.