200 шетел азаматы Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз алып шығуға тырысқан

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
200 шетел азаматы Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз алып шығуға тырысқан
200 шетел азаматы Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз алып шығуға тырысқан / фото: kursiv.media

Жыл басынан бері Қазақстан шекарасынан жанар-жағармайды заңсыз алып шықпақ болған 195 шетел азаматы, 60 Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ішкі істер министрлігі заңсыз жанармай тасымалымен күресіп жатыр. Көлігіне қосымша бакты заңсыз орнатып алып, бензин немесе дизельді шекара асырмақ болғандарды анықтау ісі жалғасады.

Бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінің маңында 59 полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Онда полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік шекараны кесіп өтетін көлік құралдарын тексеріп тұрады.

«Жыл басынан бері қосымша отын бактары заңсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын пайдалану бойынша 255 құқық бұзушылық фактісі анықталды. Құқық бұзушылардың барлығы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.

Заңсыз орнатылған қосымша отын бактары бөлшектелгеннен кейін көлік құралдары иелеріне қайтарылды.

Сонымен қатар жанар-жағармай өнімдерін Қазақстан шекарасынан көрші елдерге заңсыз тасымалдайтындардың қатары көбейіп кеткендіктен шетелдік ірі жүк көліктері мен жеңіл машиналардың Қазақстанға кіруіне шектеу қойылды.  

Сондай-ақ оқыңыз