200 шетел азаматы Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз алып шығуға тырысқан

Жыл басынан бері Қазақстан шекарасынан жанар-жағармайды заңсыз алып шықпақ болған 195 шетел азаматы, 60 Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Ішкі істер министрлігі қосымша отын бактарымен заңсыз жабдықталған көлік құралдарын пайдалану арқылы жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкету фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.
Бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінің маңында 59 полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Онда полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік шекараны кесіп өтетін көлік құралдарын тексеріп тұрады.
«Жыл басынан бері қосымша отын бактары заңсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын пайдалану бойынша 255 құқық бұзушылық фактісі анықталды. Құқық бұзушылардың барлығы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.
Жауапкершілікке тартылғандардың ішінде 195 шетел азаматы және Қазақстан Республикасының 60 азаматы бар. Заңсыз орнатылған қосымша отын бактары бөлшектелгеннен кейін көлік құралдары иелеріне қайтарылды.
Сонымен қатар жанар-жағармай өнімдерін Қазақстан шекарасынан көрші елдерге заңсыз тасымалдайтындардың қатары көбейіп кеткендіктен шетелдік ірі жүк көліктері мен жеңіл машиналардың Қазақстанға кіруіне шектеу қойылды.