Есік қорғанының құпиясы ашылды: Алтын адамның жынысы анықталды

Жарияланды 9 Шілде 2026 12:46

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Есік қорғанынан табылған Алтын адам
Алтын адамның музейге қойылған көшірмесі / фото: gov.kz

1969 жылы Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған Алтын адамның жынысына қатысты маңызды ғылыми мәлімет жарық көрді. Мәселе осы уақытқа дейін ғалымдар арасында қызу пікірталас туғызып келді.

Ауқымды зерттеу

«Ежелгі ДНҚ сараптамасы темір дәуірінде Еуразия даласын мекендеген көшпенділер арасында ақсүйек әулетінің билік құрғанын дәлелдейді» деп аталатын ғылыми зерттеу Science Advances журналында жарияланды. Зерттеуге барлығы 26 ғалым қатысса, халықаралық топты үйлестірген әрі жетекшілік еткен Техас университетінің доценті Айнаш Шілдебаева.

Ғалымдар тобы темір дәуіріндегі скиф тайпаларының генетикасын зерттеген. Мамандар 85 адамның геномына сараптама жасаған. Олар Есік, Үржар, Ақбейіт, Нүркен, Шілікті, Бақбұлақ, Берел, Серекті және Көктөбек қорғандарынан алынған. Геномдардың ішінде Есік қорғанынан табылған әйгілі Алтын адам да бар.

Сақ дәурінде өмір сүрген адамдар, Алтын адам реконструкциясы
Иллюстрация: А. Құмарбекова (Қ. Алтынбековтің реконструкциясы негізінде) / Science Advances

Есік қорғанының құпиясы

Алматы қаласынан шамамен 50 шақырым жерде, Есік өзенінің сол жағалауында 45 қорған жатыр. Археологтар оларды 1969 жылы қаза бастады. Сақ қорғандарынан табылған жәдігерлерге қарап, мамандар оның жасын біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға жатқызды.

Басты қорған бұған дейін бірнеше мәрте тоналғанына қарамастан, оңтүстігіндегісі аман сақталған болып шықты. Сол жерден адам сүйегінің қалдықтары табылды. Кейін ғалымдар оны Алтын адам деп атап кетті.

Тың зерттеуде тәуелсіз Қазақстанның айшықты белгілерінің біріне айналған адамның шамамен қай уақытта өмір сүргені туралы болжам жасалды.

«Радиокөміртекті мерзімдеу «Алтын адамның» (GOM001) соңғы темір дәуіріндегі сақ кезеңіне сәйкес келетін, біздің заманымызға дейінгі 400-300 жылдарға жататынын сенімді түрде көрсетіп берді», – делінген ғылыми мақалада.

Қорғаннан 4 мыңнан астам алтын әшекей, темір қылыш пен қанжар, қола айна, керамика, сонымен бірге ағаш, күміс және қоладан жасалған ыдыстар табылды. Күміс тостағанға 26 әріп қашалған, бірақ ғалымдар оны әлі күнге дейін оқи алмай жүр.

Алтын адамның жынысы

Зерттеуде ғалымдар осы уақытқа дейін Алтын адамның жынысына қатысты дауласып келгені, ДНҚ зерттеуі осы мәселеге нүкте қойғаны жазылған.

«Геном жеткіліксіздігіне байланысты генетикалық ата-текті дәлірек бағалау мүмкін болмады. Дегенмен біз осы адамның генетикалық жынысы әйелден гөрі еркек болуы ықтимал деп бағаладық. Бұл Алтын адамның генетикалық жынысына қатысты ұзақ уақыт бойы жалғасып келген дауды шешті», – деп есептейді зерттеу авторлары.

Осы уақытқа дейін ғалымдар қорғаннан табылған опа мен айна, ине мен ұршыққа қарап, Алтын адамның әйел болуы мүмкін екені туралы болжам жасаған. Оның үстіне, шошақ бас киімнің сәукелеге ұқсастығы да айтылған. Сүйектердің нашар сақталуы оның жынысын дәл анықтауға мүмкіндік бермеген.

Күтпеген жаңалық

ДНҚ зерттеуі барысында тағы бір қызықты мәлімет анықталды.

«Біз «Алтын адамды» темір дәуіріндегі сақтардың генетикалық вариациясының ішіне орналастыра алдық. Алайда оның БМАК-пен (Бактрия-Маргиана археологиялық кешенімен) байланысты ата-тегі айқынырақ байқалады»

Соған қарағанда, ғалымдар Алтын адамның ДНҚ-сы көшпелі сақтар геномымен толық сәйкес келеді деп күткенге ұқсайды. Дегенмен оның генетикалық кодынан Орталық Азияның оңтүстігінде (қазіргі Түркіменстан, Өзбекстан аумағы) өмір сүрген ежелгі отырықшы өркениеттің ізі табылған.

Ғалымдар оны қан араласумен түсіндірген. Мамандар зерттеудегі тұлғаларды екі немесе үш жақты аралас ата-текке жатқызды. Олар:

  • Шығыс далалық компонент;
  • Батыс далалық компонент;
  • Оңтүстік Орталық Азия компоненті (БМАК).

Зерттеу авторлары сақтардың генетикасы саналуан екенін атап өтті.

Сақ дәуіріндегі адамдардың ДНҚ зерттеуі
Сақтар геномына жасалған сараптама / фото: science.org

Трепанация және мумификация

Қазақстан аумағындағы сақ қорғандарынан табылған сүйектерден мумификация және трепанация іздері байқалады. Ғалымдардың болжамына қарағанда, мәйітті ұзақ сақтау үшін олардың бас сүйегін әдейі тесіп, миын ағызған болуы мүмкін. Өйткені биік қорған дайындауға көп уақыт кетеді.

«Егер ол адамды жерлеу үшін арнайы қорған тұрғызу қажет болса немесе оның мәйітін нақты бір орынға тасымалдау керек болса, осындай әдіске жүгіну (мумификация) әбден қисынды болар еді», – дейді Айнаш Шілдебаева CNN телеарнасына.

Ғылыми орта сақ дәуіріне қатысты тың зерттеуді жоғары бағалады.

Алтын адамның түпнұсқасы, сонымен бірге Есік қорғанынан табылған 4 мыңнан астам алтын бұйым мен әшекей Астанадағы Ұлттық музейде сақталған.

Бұған дейін Kursiv.Media Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген Болған ана туралы жазған. Оның үйлену тойына киген киіміне шамамен 40 метр мата кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз