NASA мен Amazon Prime Байқоңырдан ұшу сәтін тікелей эфирде көрсетеді

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Байқоңыр ғарыш айлағындағы Союз МС-26 ғарыш кемесі
Ғарыш кемесі Байқоңырдағы айлақта ұшуға дайын тұр / фото: Роскосмос

«Союз МС‑29» ғарыш кемесі Байқоңырдағы ұшу алаңына орнатылды. 14 шілдеде кешке әуеге көтерілетін кеме үш ғарышкерді Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жеткізеді. NASA Байқоңырдан тікелей эфир таратады.

NASA ғарышкері Анил Менон, сонымен бірге «Роскосмостың» екі ғарышкері Пётр Дубров пен Анна Кикина 14 шілдеде Астана уақытымен сағат 19:47-те әуеге көтеріледі. Үш ғарышкерді «Союз МС‑29» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясына жеткізеді. Олар ғарышта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан 74-экспедиция экипажына қосылады.

Ғарышкерлер 29 маусымда Байқоңыр қаласына жетті. Ал 11 шілдеде таңертең «Союз МС‑29» кемесі ұшу алаңына жеткізілді. «Роскосмос» Байқоңырдан суреттер мен видео жариялады.

Байқоңыр ғарыш айлағындағы Союз МС-26 ғарыш кемесі
Ғарыш кемесін Байқоңырдағы ұшу алаңына орналастыру сәті / фото: Роскосмос
Байқоңыр ғарыш айлағындағы Союз МС-26 ғарыш кемесі
Союз МС-26 ғарыш кемесін ұшу алаңына жеткізу / фото: Роскосмос

NASA мәліметінше, Байқоңырдан ұшқан кеме үш сағаттың ішінде ғарыштағы станцияға жетіп, «Причал» модулімен түйіседі. Үш ғарышкерді NASA ғарышкерлері Джессика Мейр, Джек Хэтэуэй және Крис Уильямс, Еуропа ғарыш агенттігінің өкілі Софи Адено, сонымен бірге «Роскосмос» ғарышкерлері Сергей Кудь-Сверчков, Сергей Микаев және Андрей Федяев күтіп алады. Жоспар бойынша, 15 шілдеде түнгі сағат 00:55-те ғарыш станциясының есігі (люк) ашылуға тиіс.

14 шілде күні Байқоңырдан ғарыш кемесінің ұшу және станциямен түйісу сәтін NASA+, Amazon Prime және агенттіктің Youtube-тегі арнасы, сонымен бірге «Роскосмос» тікелей эфирде көрсетеді.

Байқоңыр ғарыш айлағындағы Союз МС-26 ғарыш кемесі
Ұшу алаңының әуедегі көрінісі / фото: Роскосмос
Байқоңыр ғарыш айлағындағы Союз МС-26 ғарыш кемесі
№31 немесе «Восток» ұшу алаңының шамамен 500 км биіктен түсірілген суреті / фото: Роскосмос

Әлем елдері Халықаралық ғарыш станциясын 25 жылдан астам уақыт бойы пайдаланып келеді. Ғарышкерлер ол жерге негізінен Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағы мен АҚШ-тың Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығынан ұшады.

Айға ғарышкер қондыру миссиясы туралы білгіңіз келсе, Kursiv.Media-ның Артемида туралы мақаласын оқыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз