NASA мен Amazon Prime Байқоңырдан ұшу сәтін тікелей эфирде көрсетеді

«Союз МС‑29» ғарыш кемесі Байқоңырдағы ұшу алаңына орнатылды. 14 шілдеде кешке әуеге көтерілетін кеме үш ғарышкерді Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жеткізеді. NASA Байқоңырдан тікелей эфир таратады.
NASA ғарышкері Анил Менон, сонымен бірге «Роскосмостың» екі ғарышкері Пётр Дубров пен Анна Кикина 14 шілдеде Астана уақытымен сағат 19:47-те әуеге көтеріледі. Үш ғарышкерді «Союз МС‑29» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясына жеткізеді. Олар ғарышта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатұан 74-экспедиция экипажына қосылады.
Ғарышкерлер 29 маусымда Байқоңыр қаласына жетті. Ал 11 шілдеде таңертең «Союз МС‑29» кемесі ұшу алаңына жеткізілді. «Роскосмос» Байқоңырдан суреттер мен видео жариялады.


NASA мәліметінше, Байқоңырдан ұшқан кеме үш сағаттың ішінде ғарыштағы станцияға жетіп, «Причал» модулімен түйіседі. Үш ғарышкерді NASA ғарышкерлері Джессика Мейр, Джек Хэтэуэй және Крис Уильямс, Еуропа ғарыш агенттігінің өкілі Софи Адено, сонымен бірге «Роскосмос» ғарышкерлері Сергей Кудь-Сверчков, Сергей Микаев және Андрей Федяев күтіп алады. Жоспар бойынша, 15 шілдеде түнгі сағат 00:55-те ғарыш станциясының есігі (люк) ашылуы тиіс.
Сейсенбі күні Байқоңырдан ғарыш кемесінің ұшу және станциямен түйісу сәтін NASA+, Amazon Prime және агенттіктің Youtube-тегі арнасы, сонымен бірге «Роскосмос» тікелей эфирде көрсетеді.


Әлем елдері Халықаралық ғарыш станциясын 25 жылдан астам уақыт бойы пайдаланып келеді. Ғарышкерлер ол жерге негізінен Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағы мен АҚШ-тың Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығынан ұшады.
Айға ғарышкер қондыру миссиясы туралы білгіңіз келсе, Kursiv.Media-ның Артемида туралы мақаласын оқыңыз.