Несиені жылдам әрі тиімді жабу жолдары – қаржыгер кеңесі

Жарияланды 15 Шілде 2026 12:13

Аяна Әнуарқызы

Аяна Әнуарқызы

Business news бөлімінің журналисі
Несиені өтеудің тиімді жолдары
Несиені өтеудің тиімді жолдары / Фото: Делия Айдаралиева

Қазіргі қоғамда несиесіз өмір сүріп жүрген адамдар өте аз. Статистикаға сүйенсек, орта есеппен алғанда, әрбір еңбекке қабілетті қазақстандықтың банктерге 2,14 млн теңге қарызы бар. Алайда қарыз алушылардың көбі несиені тиімді жабудың жолдарын біле бермейді. Kursiv.Media тілшісі қаржы сарапшысы Айбар Олжаймен сұхбаттасып, банктің артық пайызын төлемей, қарыздан жылдам әрі тиімді құтылудың жолдарын анықтап көрді.

Ішінара мерзімінен бұрын өтеу

Несиені тиімді әрі жылдам жабудың ең басты әрі негізгі жолы қандай?

– Тиімді жабудың ең басты, әрі негізгі жолы ай сайынғы төлемді төлеп, одан артық ақша түсіп жатса, несиені ішінара мерзімінен бұрын өтеуге, яғни негізгі қарызды азайтуға бағыттау керек.

Сіз банктен қарыз алғанда, алғашқы айларда төлейтін соманың басым бөлігі негізгі қарызға емес, банктің пайызын жабуға кетеді. Ал сіз негізгі қарызды азайтқан сайын, келесі айдағы пайыз да соғұрлым аз есептеледі. Негізгі қарыз қысқарған сайын, несие де қарқынды түрде азайып, тез жабылатын болады.

Cоңғы алынған несие бірінші жабылуға тиіс

Егер адамның бір емес, бірнеше несиесі болса, қайсысын бірінші жапқан дұрыс?

– Бұл жерде нақты математикалық есеп керек. Біріншіден, қай несиенің артық төлемі және пайызы көп екенін анықтап аласыз. Екіншіден, олардың қанша уақыт бойы төленіп келе жатқанына қараңыз. Мысалы, сізде 3 несие бар болса, біріншісі баяғыда алынған, мерзімі бітуге жақын, екіншісі орташа мерзімдегі несие (айталық, 5 жылдық несиенің 2-3 жылы төленген), үшіншісі жаңадан ғана алынған несие.

Мұндай жағдайда ең алдымен жаңадан алынған несиені жауып тастаған тиімдірік. Себебі бірінші алынған несиенің пайыздары төленіп біткен, қазір сіз тек оның таза өз қарызын ғана қайтарып жатырсыз. Ортадағы несиенің де жарты пайызы өтелген. Ал ең соңғы жаңадан алынған несиенің пайыздарын сіз енді төлейсіз.

Сондықтан қай несиенің пайызы әлі өтелмеген соны бірінші кезекте жауып тастаған тиімді.

Ай сайынғы төлемді азайту немесе несие мерзімін қысқарту. Қайсысы тиімді?

– Мерзімді қысқарту барлық жағынан тиімді. Себебі банк пайызы жылдық мөлшерлемеге шағылады. Мысалы, жылдық пайыз 22% болса, оны екі жылға созсаңыз, ол шартты түрде 44%-ға жуықтайды. Банктің өз ішіндегі күрделі пайыз есептеу жүйесі бар.

Сіздің қалтаңыздан шығатын артық төлемнің көлеміне тікелей әсер ететін негізгі фактор – мерзім. Сондықтан мейлінше мерзім уақытын қысқартқан дұрыс.

– Табыс азайып, несиені төлей алмай қалған жағдайда не істеу керек?

– Бірден сол несиені қай банктен алсаңыз, сол жерге барып, жағдайды түсіндіріп, өтініш жазу керек. Банк қызметкерінің байланыс нөмірін алып алыңыз. Сіздің банкке барғаныңыздың өзіне фиксация жасалуы керек. Сол арқылы кейін банк омбудсменімен сөйлесе аласыз. Бірақ қиын жағдайыңызды банкке айтып хабарлау керек.

Кейін банк сізге қарызды қайта құрылымдау бойынша бірнеше нұсқа ұсынады (төлемді уақытша шегеру, мерзімді ұзарту арқылы ай сайынғы соманы азайту т.б.). Соның ішінен өзіңізге ыңғайлысын таңдайсыз. Ал егер банк сіздің жағдайыңызды мүлде қарастырғысы келмесе, сіз заңды түрде банк омбудсменіне шағымдана аласыз. Онда «банкпен белгілі бір мәмлеге келуді сұраймын» деп жазсаңыз, омбудсмен араласып, банк қызметкерлерімен бірге ортақ шешім шығарып береді.

– Артық ақша пайда болса, несиені толық төлеп тастау керек пе, әлде депозитте жинаған жөн бе?

– Мұндайда несиенің пайызы мен инфляция деңгейіне қарау керек. Егер несиеңіздің пайызы өте жоғары болса, оны бірден төлеп тастаған дұрыс.

Ал егер сіздің несиеңіз өте төмен пайызбен алынса онда асықпай төлей берген тиімді. Мұндай жағдайда бос ақшаны депозитке салып, үстінен табыс тауып, ақша жинағаныңыз әлдеқайда ұтымды болады.

Сондай-ақ оқыңыз