
Германияның Volkswagen концерні тарихындағы ең ауқымды қайта құрылымдауды жоспарлап отыр. Manager Magazin дерегінше, компания әлем бойынша 100 мыңға дейін қызметкерін қысқартуы мүмкін. Бұл бұрын жарияланған жоспардан екі есе көп.
Қысқарту Германиядағы өндіріс орындарына да әсер етуі ықтимал. Ганновер, Цвиккау және Эмден қалаларындағы Volkswagen зауыттары мен Неккарзульмдегі Audi кәсіпорны жабылуы мүмкін. Өндіріс қолданыстағы модельдерді шығару аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен тоқтатылмақ.
Концерн құрылымын да түбегейлі өзгертуді қарастырып жатыр. Volkswagen негізгі бренді мен автокомпоненттер өндіретін бөлімше жеке компанияларға айналуы мүмкін. Бұл болашақта жекелеген бизнестерді қор нарығына шығаруды жеңілдетеді.
Немістің Volkswagen автоконцерні Дрездендегі зауыт өндірісін тоқтатуға шешім қабылдаған. Бұл компанияның 88 жылдық тарихында алғаш рет болып отырған жағдай.
Қытай автоөндірісі күшейіп келеді
Германияда көлік өндіріп, оны әлемге экспорттауға негізделген Volkswagen-нің бұрынғы бизнес-моделі шығыны төмен қытайлық автокомпаниялармен бәсекеде әлсіреп барады.
Компания өкілдері нақты жоспарға түсініктеме бермеді. Дегенмен Volkswagen бұрынғы бизнес-модельдің енді барлық бренд үшін тиімді жұмыс істемейтінін мойындады.
Мұндай қадамға компанияның қаржылық жағдайы себеп болып отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Volkswagen-нің таза пайдасы 28%-ға төмендеп, 1,56 млрд еуроны құрады. Қытайдағы сатылым 20%-ға азайған. Бұған қоса, АҚШ енгізген тарифтер концернге жылына шамамен 4 млрд еуро шығын әкелуі мүмкін.
Тағы да оқығыз: Volkswagen Passat-ты енді қытайлар шығарады.