Қазақстанда ең көп темекі шегетін өңірлер анықталды

Қазақстанда қазір 15 жастан асқан азаматтардың 15,1%-ы темекі шегеді. Оның ішінде 13,6%-ы темекіні күн сайын, 1,5%-ы анда-санда тартады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы ересектердің темекі тұтынуына арналған зерттеуінде айтылған.
Зерттеудегі ең үлкен айырмашылық ерлер мен әйелдер арасында байқалады. Ерлердің 30,5%-ы темекі тартса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 4,9% болды. Яғни ерлер арасындағы темекі тұтыну деңгейі әйелдерден шамамен 6,2 есе жоғары.
Күнделікті темекі тартатындардың арасында да ерлер әлдеқайда көп: ерлердің 27,9%-ы және әйелдердің 4,2%-ы күн сайын шылым шегеді.
Ауылдағы көрсеткіш қаладан жоғары
Ауыл тұрғындарының 17,8%-ы темекі тұтынады. Қалада бұл көрсеткіш 14%-ды құрайды. Күнделікті темекі тарту деңгейі ауылда 16,9%, қалада 12,3% болды.
Алайда темекі тұтынушылардың жалпы құрылымына қарасақ, олардың 65,5%-ы қалада, 34,5%-ы ауылда тұрады. Бұл айырмашылық қала халқының саны көбірек болуымен байланысты.
Қазақстанның қай өңірінде темекі көбірек тұтынылады?
Қазіргі уақытта темекі өнімдерін тұтынатын 15 жастан асқан респонденттердің өңірлер бойынша үлесі.
Темекіні ең көп тартатындар кімдер
Темекі шегу көрсеткіші жас ұлғайған сайын өсіп, 40-59 жас аралығында ең жоғары деңгейге жетеді.
49-59 жастағы респонденттердің 21%-ы темекі тартады. 39-48 жас аралығындағы көрсеткіш – 20,7%, ал 29-38 жастағылардың 17,6%-ы шылым шегеді.
60 жастан асқан адамдар арасында көрсеткіш 9,6%-ға дейін төмендейді. 18-28 жастағы тұрғындардың 8,2%-ы темекі тұтынады.
15-17 жас тобында темекі тұтыну деңгейі 3,8%, ал күн сайын тұтыну үлесі 3,1% болған.
Темекіні ең көп тартатын өңірлер
Ұлытау облысында темекі шегетіндердің қатары көп. Мұнда тұрғындардың 20,2%-ы темекі тартады.
Одан кейін Жетісу облысы – 18,5%, Қарағанды облысы мен Астана қаласы – 17,6%-дан келеді. Ақмола облысында көрсеткіш 17,3%, Солтүстік Қазақстан облысында 17,2% болды.
Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген – 10,5%. Шығыс Қазақстан облысында темекі тарту деңгейі 10,6%, Павлодар облысында 11%, Шымкентте 12,1% болды.
Өңірлер арасындағы айырмашылық шамамен екі есеге жетеді: Ұлытаудағы көрсеткіш Түркістан облысымен салыстырғанда 9,7 пайыздық тармаққа жоғары.
Темек бағасы Қазақстанда қымбаттап барады. Темекі бағасы шамамен әр жарты жыл сайын өсіп тұрады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап фильтрлі және фильтрсіз 20 тал темекі, папирос, сигарилла және қыздырылатын темекі өнімдеріне ең төменгі бөлшек сауда бағасы 970 теңге болып белгіленген еді.
Тағы да оқыңыз: Былтыр Philip Morris Қазақстан 184 млрд салық төлеген.