Қазақстанда ең көп темекі шегетін өңірлер анықталды

Қазақстанда 15 жастан асқан халықтың 15,1%-ы қазір темекі өнімдерін тұтынады. Оның ішінде 13,6%-ы темекіні күн сайын, тағы 1,5%-ы анда-санда тартады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы ересектердің темекі тұтынуына арналған зерттеуінде айтылған.
Зерттеудегі ең үлкен айырмашылық ерлер мен әйелдер арасында байқалады. Ерлердің 30,5%-ы темекі тұтынса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 4,9% болды. Яғни ерлер арасындағы темекі тұтыну деңгейі әйелдерден шамамен 6,2 есе жоғары.
Күнделікті темекі тартатындардың үлесі де ерлер арасында әлдеқайда көп: ерлердің 27,9%-ы және әйелдердің 4,2%-ы күн сайын темекі тұтынады.
Ауылдағы көрсеткіш қаладан жоғары
Ауыл тұрғындарының 17,8%-ы темекі тұтынады. Қалада бұл көрсеткіш 14%-ды құрайды. Күнделікті темекі тарту деңгейі ауылда 16,9%, қалада 12,3% болды.
Алайда темекі тұтынушылардың жалпы құрылымына қарасақ, олардың 65,5%-ы қалада, 34,5%-ы ауылда тұрады. Бұл айырмашылық қала халқының саны көбірек болуымен байланысты.
Қазақстанның қай өңірінде темекі көбірек тұтынылады?
Қазіргі уақытта темекі өнімдерін тұтынатын 15 жастан асқан респонденттердің өңірлер бойынша үлесі.
Темекі ең көп тұтынылатын жас
Темекі тұтыну көрсеткіші жас ұлғайған сайын өсіп, 40–59 жас аралығында ең жоғары деңгейге жетеді.
49–59 жастағы респонденттердің 21%-ы темекі тұтынады. 39–48 жас аралығындағы көрсеткіш – 20,7%, ал 29–38 жаста – 17,6%.
60 жастан асқан адамдар арасында көрсеткіш 9,6%-ға дейін төмендейді. 18–28 жастағы тұрғындардың 8,2%-ы темекі тұтынады.
15–17 жас тобында темекі тұтыну деңгейі 3,8%, ал күн сайын тұтыну үлесі 3,1% болған.
Темекі ең көп таралған өңірлер
Темекі тұтыну деңгейі ең жоғары өңір – Ұлытау облысы. Мұнда тұрғындардың 20,2%-ы темекі тұтынады.
Одан кейін Жетісу облысы – 18,5%, Қарағанды облысы мен Астана қаласы – 17,6%-дан келеді. Ақмола облысында көрсеткіш 17,3%, Солтүстік Қазақстан облысында 17,2% болды.
Ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген – 10,5%. Шығыс Қазақстан облысында темекі тұтыну деңгейі 10,6%, Павлодар облысында 11%, Шымкентте 12,1% болды.
Өңірлер арасындағы айырмашылық шамамен екі есеге жетеді: Ұлытаудағы көрсеткіш Түркістан облысымен салыстырғанда 9,7 пайыздық тармаққа жоғары.
Тағы да оқыңыз: Былтыр Philip Morris Қазақстан 184 млрд салық төлеген.