Жасмина Түзелова «Славян базары» ән байқауында үшінші орын алды

Жарияланды 16 Шілде 2026 11:07

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Жасмина Түзелова "Славян базары" ән байқауында
Дарынды қыз Витебск-2026 байқауының жүлдегері атанды / фото: fest-sbv.gck.by

13 жастағы астаналық Жасмина Түзелова «Славян базары» халықаралық ән байқауында үшінші орын алды.

Витебск (Беларусь) қаласында өтіп жатқан ән фестивалінің екінші байқау күні Жасмина «Ромашка-Василёк» әнін орындады. Қазылар алқасы оның өнерін 66 ұпайға бағалады. Осылайша Түзелова өнерпаз балалар арасындағы жарыста барлығы 126 ұпай жинап, үшінші орынға көтерілді. Бұған дейін қазақ қызы «Сарыарқа» әнін шырқап, ең жоғары бағаға ие болған.

Ал Гран-при жүлдесі беларусь әншісі Лiзаветаға бұйырды. Ол 130 ұпай жинады. Ал екінші орынға румыниялық Лючия Байку көтерілді. Өнерпаз барлығы 127 ұпай жинап, Жасминадан бар болғаны 1 ұпайға озып кетті. Әнші балалар жарысына барлығы 19 елдің өнерпазы қатысты.

Жеңімпаз 5 мың доллар, ал Жасмина Түзелова 2 мың доллар алады. Жүлдегерлер есімі Витебск-2026 ән фестивалінің Гала-концертінде, яғни 17 шілдеде жарияланады.

Жасмина бұған дейін де түрлі байқауларға қатысып, көпшілікке танылып үлгерген. Мәселен, ол 2022 жылы «CENTRAL ASIA’S GOT TALENT» жобасының жартылай финалына шықса, 2023 жылы «Қазақстан Дауысы Балалар» жобасының суперфиналында өнер көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз