
1989 жылы шыққан «Менің сол аяғым» (My Left Foot) фильміндегі рөлі үшін «Оскар» сыйлығын алған, сондай-ақ «Үйде жалғыз қалғанда 2» (Home Alone 2) мен «Жедел жәрдем» (Casualty) телесериалы арқылы көрермен көзайымына айналған ирландиялық актриса Бренда Фрикер 81 жасында өмірден озды. Бұл туралы ВВС хабарлады.
Фрикер 1990 жылы «Менің сол аяғым» фильмінде Дэниел Дэй-Льюистің кейіпкерінің анасын сомдап, «Үздік көмекші актриса» номинациясында «Оскар» иеленген.
Ал ТМД елдеріне 1992 жылы жарық көрген «Үйде жалғыз қалғанда» фильмінің жалғасында Орталық саябақтағы кептер бағатын әйелдің рөлі арқылы белгілі. Ол Маколей Калкиннің кейіпкері Кевинмен достасатын үйсіз құсшы әйелдің образын әдемі алып шыққан.
Оның өзге де танымал фильмдерінің қатарында «Сонымен, мен балтамен өлтірушіге үйлендім» (So I Married An Axe Murderer, 1993), «Шеткері алаңдағы періштелер» (Angels In The Outfield, 1994), «Ажал уақыты» (A Time To Kill, 1996) және «Вероника Герин» (Veronica Guerin, 2003) туындылары бар.
Дегенмен, кейінірек ол «Оскар» жетістігі болмағанда, мансабы бұдан да сәттірек болар еді деп мәлімдеген.
«Оскардың қарғысы“ деген нәрсе маған да әсер етті», – деді ол 2024 жылы The Times басылымына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, марапаттан кейін режиссерлер оған тек бір типтегі рөлдерді ұсынып, көптеген өзге жобалардан, соның ішінде театр қойылымдарынан тыс қалдырған.
Биыл қаңтар айында белгілі фильмнің жұлдызы Кэтрин О’Хара да өмірден өткен.