
«Меломен» тобының экс-солисі Жігер Ауыпбаев алғашқы некесінің неге бұзылғанын баяндады.
«Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында әнші бұған отбасына жасалған сиқыр себеп болуы мүмкін екенін айтты.
«Бұрын араға ақша кіреді, араны ақша мен қатын құртады деуші еді. Ол екеуінен барынша аулақ болдық. Бір-біріңді жақсы көріп тұрасың, сағынып тұрасың. Бірақ көрсең болды, атылғың келіп тұрады. Оның тарапынан да болып тұрады. Мінезі өзгерді. Ақырында бәрі сиқырға келіп тіреледі. Кейіннен, өзім жалғыз жүрген кездерде үйдің ішінен көп дүние тауып алдым. Төсегімнің бас жағынан көп ине, бұрыштарда себілген тұздар, паластың астына шашылған зираттың топырағы сияқты заттар шықты», – деді Жігер Ауыпбаев.
Әншінің ажырасқанына қазір 4 жыл уақыт болған. Араларында отбасылық түсініспеушілік болғанын жасырмады. Алғашқы некесінен төрт баласы бар. Жігер Ауыпбаевтың сөзіне қарағанда, ол отбасын сақтау үшін кешірім сұрап, қайта қосылуға да талпынған. Алайда бір апта өтпей жатып, бұрынғы әйелі бөлек кеткісі келетінін айтқан.
Жігер Ауыпбаев қазір екінші рет шаңырақ көтеріп, өзінен 15 жас кіші қызға үйленген.