
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 17%-дан 16,75%-ға дейін түсірді. Бір қарағанда, айырмашылық небәрі 0,25 пайыздық тармақ қана. Алайда бұл шешім реттеушінің инфляцияға қатысты бағасы біртіндеп өзгере бастағанын көрсетеді.
Qazaq Expert Club сарапшыларының пікірінше, Ұлттық банк экономикаға түсіп отырған қысымды аздап жеңілдетуге мүмкіндік пайда болды деп есептейді. Бірақ мұны ақша-кредит саясатының күрт жұмсаруы деп қабылдауға әлі ерте.
Экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер Айгерім Ілиясова базалық мөлшерлеменің 2026 жылдың соңына қарай біртіндеп 16%-ға дейін төмендеуі мүмкін деген болжам болғанын айтады. Ұлттық банктің қазіргі шешімі осы сценарийдің жүзеге аса бастағанын көрсетеді.
Оның сөзінше, 16–17% деңгейіндегі мөлшерлеме экономика үшін қалыпты әрі ұзақ мерзімге арналған көрсеткіш емес. Керісінше, бұл инфляцияны тежеу үшін енгізілген қатаң шара. Мұндай жоғары мөлшерлеме ұзақ сақталса, несие қымбат болып, бизнес белсенділігі мен экономикалық өсімге қысым түсіруі мүмкін.
Мөлшерлемені төмендетуге инфляцияның біртіндеп баяулауы мүмкіндік берген. 2026 жылы инфляция 10,3%-ға дейін түсті. Дегенмен баға өсімі әлі де екі таңбалы деңгейде қалып отыр. Сондықтан Ұлттық банк мөлшерлемені бірден емес, шағын қадаммен төмендетуді жөн көрген.
Бас банктің сақ қадамы
Қаржыгер Венера Жаналина да 25 базистік тармақтық төмендеуді сақ қадам деп бағалайды. Оның пікірінше, реттеуші жоғары инфляцияны, коммуналдық тарифтердің өсу қаупін және нарықтағы баға қысымын әлі де назардан шығарған жоқ.
Яғни Ұлттық банк бағытын толығымен өзгерткен жоқ. Тек бұрынғы қатаң саясатты біртіндеп жұмсартуға кірісті. Ал келесі шешімдердің қандай болатыны жаңа экономикалық деректерге байланысты болмақ.
Қаржыгер Саида Тілеуленова мөлшерлеменің төмендеуін инфляциялық үдерістердің біршама тұрақтана бастағанының белгісі деп санайды. Ұлттық банк қазіргі тәуекелдерді бұрынғыға қарағанда басқаруға болады деген қорытындыға келген болуы мүмкін.
Бұл шешімнің бизнес пен халыққа әсері де бірден емес, біртіндеп сезіледі. Базалық мөлшерлеме төмендеген сайын банктер үшін ақша тарту құны азаюы мүмкін. Соның нәтижесінде кредиттер де уақыт өте арзандап, кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларды іске асыруына және халықтың несие алуына қолайлы жағдай қалыптасады.
Алайда 16,75% — әлі де өте жоғары мөлшерлеме. Сондықтан несиелердің бірден айтарлықтай арзандауын күтуге болмайды. Ақша-кредит саясаты бұрынғысынша қатаң күйінде қалып отыр.
Қаржыгер және салық кеңесшісі Раушан Тасшоинова да Ұлттық банктің шешіміне соңғы бірнеше айда инфляцияның баяулауы әсер еткенін айтады. Сонымен бірге базалық мөлшерлеме инфляция деңгейінен әлі де едәуір жоғары. Бұл реттеушінің баға өсімін бақылауда ұстауға басымдық беріп отырғанын білдіреді.
Енді Ұлттық банктің келесі қадамы инфляцияның қалай өзгеретініне, теңге бағамына және сыртқы нарықтағы жағдайға байланысты болады. Егер баға өсімі баяулауын жалғастырса және теңгеге қысым күшеймесе, мөлшерлеме тағы да төмендеуі мүмкін. Ал инфляция қайта үдесе, реттеуші үзіліс жасап, қазіргі деңгейді ұзақ уақыт сақтап қалуы ықтимал.
Қорыта айтқанда, 16,75%-ға дейінгі төмендеу — арзан несие дәуірінің басталғанын білдірмейді. Бұл Ұлттық банктің экономикаға түсіп отырған қысымды азайтуға бағытталған алғашқы әрі өте сақ қадамы.