
Алматылық «Қайрат» футбол клубы еурокубоктың үшінші іріктеу кезеңінің ықтимал үй матчын Алматының Орталық стадионында қабылдай алмайды. Кездесу Түркістанға ауыстырылады, себебі 14 тамызда қаланың басты аренасында американдық рэпер Канье Уэстің (Ye) концерті өтеді. Клуб бұл шешім туралы ресми мәлімдемесінде хабарлады.
«Қайрат» концерттің өту мерзімі еурокубок матчтарының кезеңімен сәйкес келетінін, соның салдарынан Орталық стадион ойынды дайындау мен өткізу үшін қолжетімсіз болатынын түсіндірді. Осыған байланысты клуб УЕФА-ға кездесудің өтетін орнын өзгерту туралы өтініш білдірген.
«Қалыптасқан жағдай мен еурокубок күнтізбесінің тығыздығын ескере отырып, клуб УЕФА-ға үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал өз алаңындағы матчтың өтетін орнын ауыстыру туралы өтініш жолдады. Өтініш қаралғаннан кейін кездесуді Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өткізуге келісім берілді», – делінген мәлімдемеде.
Клуб матчтың нақты күні мен уақыты, сондай-ақ, билеттердің сатылымға шығуы туралы ақпарат команданың еурокубоктардағы келесі қарсыласы анықталғаннан кейін белгілі болатынын нақтылады.
Еске сала кетейік, Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Омония» мен «Қайрат» арасындағы алғашқы матч Кипрде өтіп, алаң иелерінің 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталған еді.
Бұған дейін, First Media Group Канье Уэсттің концертә 14 тамыз күні Алматының Орталық стадионында өтетінін хабарлаған еді.