Туды қорлады ма: желіде сынға ұшыраған блогер Бота Миа кешірім сұрады

Жарияланды 30 Шілде 2026 11:51

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Коллаж: Kursiv.media

Желіде ат үстіндегі баланың үстіне Қырғызстан туын жауып, аттың өзіне Қазақстанның стилистикасындағы жабу жабылған видео тарап, қолданушылар арасында қызу талқы тудырған еді. 

Осы жағдайға байланысты блогер Бота Миа мәлімдеме жасап, ренжіген жандардан кешірім сұрады.

«Ниетім тек сыйлық беру болды»

Блогер бейнежазбасында ешқандай жаман ойы болмағанын, тек Қазақстан атынан жас шабандозға құрмет көрсеткісі келгенін жеткізді.

«Ол бала – шабандоз, Қазақстанның атынан атқа отырып, жүлделі 3-орын алып келді. Бұл – кішкентай балапан. Менің ниетім – Қазақстаннан сыйлығымызды беріп кетейік деген ғана ой болды. Егер қате болса, кешіріңіздер», – деді ол өз үндеуінде.

Заңгерлер не дейді? Туды қорлау бар ма?

Бота Миа өзінің Threads парақшасында мәселе бойынша заңгерлермен де ақылдасқанын атап өтті. Оның айтуынша, аттың үстіне жабылған жабу Мемлекеттік Тудың өзі емес, дүкенде сатылатын атқа арналған арнайы жабдық.

Жабуда мемлекеттік Тудың толық бейнесі мен ұлттық ою-өрнегі жоқ, тек күн мен қыран элементтері қолданылған. Заңгерлердің түсіндіруінше, тудың барлық элементтері толық болмаса, бұл мемлекеттік рәмізді пайдалану немесе қорлау бабына жатпайды және заң бұзушылық болып саналмайды. Блогер егер жағдай моральдық тұрғыдан қоғамға дұрыс көрінбесе, видеоны өшіруге де дайын екенін білдірді.

Осылайша, блогер заң тұрғысынан ешқандай құқық бұзушылық болмағанын түсіндіріп, желіде түсініспеушілік тудырған сәт үшін оқырмандардан кешірім сұрап, бейнені өшіріп тастады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бота Мианың парақшасы бұғатталып қалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз